Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМ АУДАНЫНДА БІР АҒАШТА АЛМАНЫҢ БЕС ТҮРІ ӨСЕДІ

САЙРАМ АУДАНЫНДА БІР АҒАШТА АЛМАНЫҢ БЕС ТҮРІ ӨСЕДІ

Жеміс ағаштарын будандастырады Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының халқы нағыз еңбекқор, жоқтан бар жасайтын, еңбексүйгіш. Мұнда экзотикалық жемістің түр, түрі өседі. Лимон, банан тағы да басқа жемістерді жерсіндіріп, пайдасын тауып отыр. Сайрам ауданында ерекше алма бағы бар. Екі жарым гектар аумаққа бес түрлі алма сорты егілген. Бір қызығы, кейбір ағашта алманың 4-5 түрі өседі. Икрам Розақұлов Қарабұлақ ауылдық округіндегі алма өсірумен айналысатын ең кәнігі бағбан. Ауласындағы 2,5 гектар аумаққа осыдан он бес жыл бұрын 700 түп алма көшетін отырғызған. Оны Өзбекстаннан арнайы барып алып келіпті. Қазір мұнда бес түрлі алма сорты жайқалып тұр. Бұдан бөлек, бағбан бір түп ағашқа бірнеше түрлі алманы будандастырып, ерекше етіп өсіріп отыр. Сары, қызыл, жасыл алмалар бір ағашта самсап өсіп тұр. Бір қарағанда бір түп ағашта өсіп тұрған түрлі түсті алмалар қызық көрінетіні де рас. Оны әспеттеп будандастыру арқылы қол жеткізген.

Яғни, алма бұтақтарына өзге сортты ағаштың бұтағын «егу» арқылы қол жеткізген. Оны кез-келген бағбан жасай алмайды. Оның да өзіндік сыры бар. Оны қондырғаннан кейін де жақсылап күтім жасамаса өніп кетуі қиындау. Алма бұтағы өзге алманы «жерсіндірмеуі де мүмкін. Сондықтан да будандастырудың сырын білген адам ғана жасай алады. Бау-бақша өсіруде Икрам Розақұловтың тәжірибесі мол. Қай ағашты қалай» өсіру қажеттігін түгел білетін тәжірибелі маман. «Бір түп ағашқа он түп алманы будандастыруға болады. Сонда бір ағашта он түрлі алма өседі. Тіпті алма ағашына алмұрт өсіруге болады. Бірақ алмұртқа өзінен басқасы өспейді. Тек алмұртты алады. Ал алма алмұртты ала береді. Бір түпке он түрлі сорт істеп қоюға болады. Ештеңесі жоқ, бәрі өсе береді. Кезек-кезегімен пісіп, біте береді», дейді бағбан.

Бағбанның айтуынша, мұндай тәжірибені тамыз айының басынан қыркүйектің ортасына дейін жүргізуге болады. Алдымен кез келген жемістің кішкентай бұтағын кесіп алу керек. Оны алма бұтағының қабы аршылған жеріне мықтап бекітеді. Ішіне ауа кірмеуі керек. Келесі жылы көктемде алма ағашының басқа бұтақтары сияқты ол да бүр жарып, өсе береді. Мамандар мұндай әдісті аудандағы бірнеше диқан өз бауында қолданатынын айтады. Бірақ будандастырудың нағыз мамандары тапшы. Жалпы Қарабұлақ ауылында бағбандықпен айналысатындар өте көп. Олардың дені экзотикалық жемістерді әкеліп жерсіндіруден рекорд орнатып отыр. Алдағы уақытта тіпті ананасты әкеп отырғызса да таңғалмаймыз.

Өйткені сайрамдық бағбандар кез-келген өнімнің тілін таба алады. Яғни, жерсіндіре алады. Қарабұлақ ауылында 35-40 гектардай алма бауы бар. Жеміс беретін. Ерте егілген жеміс бермейтіндері де бар. Жаңадан егіп жатқандар бар. Бақ өсіріп, бағбандықпен айналысатындар биыл жеміс жылдағыдан 15-20 күнге ерте пісіп жатқанын айтады. Әрі биыл жаңғақ епн алма ағашы молынан салды. Қырман болды. Сондықтан бағасы да арзан. Жаздың күндері алманың әр келісін 150-200 теңгеден сатып әкті. Биыл Сайрам ауданының бағбандары 30 мың тоннаға жуық алма жинап алды. Келесі жылы үсік ұрып кетпесе бұдан көп жеміс жинауы кәдік. Өйткені Сайрамда нағыз кәнігі бағбандар тұрады.

 

 

Пікір жазу