Бүгін Сайрам ауданының орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде көрнекті мемлекет саясат және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иесі Мархабат Байғұттың жазған «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты пьесасы сахналанды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметін сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен және
жергілікті Қазақ халық театрының режиссері Әскер Құлдановтың сахналауымен көрермен назарына ұсынылды.
Қойылым барысында А.Асқаровтың әділетсіздікпен күресіп, елі мен ұлты үшін аянбай еңбек еткені, әділдік орнату жолында кездескен қиындықтары туралы сомдалды. Ұлт жанашырының кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында тоталитарлық режимнің қуғын-сүргініне түсіп, қиын кездерді басынан өткен тағдыры көрермендерге жеткізілді.
Сонымен қатар, кейіпкердің қуанған сәттерінде, мұңайған кездерде де Шымкент қаласындағы өз қолымен еккен дендросаябақтағы ақ қайыңдармен сырласуы бейнеленді.
«Асқаровтың аққайыңдары» драмасы адалдық пен арамдықтың тартысы. Мансап үшін туғанын да аямайтын сатқындар мен жағымпаздардың мінезін әшкерелейтін дүние. Ал КГБ полковнигі Золиннің Асқаровтың үстінен түскен арыздарын оқу кезінде де бәрінің қисынсыз жала екенін көруге болады. Бірақ өтірік өрге баспайды. Ал ақиқат қашанда алмас қылыш. Қазақ топырағында азаттықтың ақ таңы атып келе жатқан тұста Асанбай Асқаров тар қапастан босатылады. Ақталады. Түрмеде отырғанда мен сені тозаққа саламын деген Калиниченкоға Асқаровтың айтқан «Бұл дүниенің тозағы ештеңе емес. О дүниенің тозағынан қорық» деген сөзі де қазақтың обал мен сауапты жоғары дәрежеге көтере білетін дегдарлығын көрсететін дүние еді. Қойылым Асанбай Асқаров туралы болғанымен, мұнда бір ғана адамның тағдыры емес, бүкіл қазақтың қайраткерлерінің қасіретті тағдыры арқау болған. Алайда ақиқат ұмытылмайды. Бүгінде қараорман халық Асанбай сияқты асқартаудай ұлының рухын қастерлейді.
Асқаровтың жұбайы Фатиманың жан жарына деген адал махаббаты мен рухани қолдаушысы екені жеткізілді.
Сахналық қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев сөз сөйледі. Сөзінде театр әртістердің кейіпкерлерді шынайы жеткізіп, болмысын бейнелеуінде режиссердің шеберлігіне тәнті болып, алғысын жеткізді. Сонымен қатар, тарихи тұлғаның ерен еңбегі мен өнегелі өмірін айтып, патриоттыққа шақырды.
Пьеса көрермен қауымына ерекше әсерін қалдырды.