Күні кеше облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерт залында “бала Жамбыл” атымен көпшілікке танылған жас ақын, Республикалық жыр бәйгелерінің жеңімпазы Жамбыл Дүйсеновтың «Тәуелсіздігім-тұмарым» «Бірлігім-ұлы ұраным» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке Түркістан қаласының ардагерлер алқасының төрағасы, «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері,Түркістан қаласының құрметті азаматы Құлбайымбетов Жарқынбек ашып, жас ақынға батасын берді.
Одан соң сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқарма басшысының орынбасары Темірхан Асылхан ізгі тілегін білдіріп, облыс әкімінің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстаса, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Оразбеков Байдулла Түркістан жұртшылығының атынан алғысын білдірді.
4 бөлімнен тұратын жыр кешінде Жамбыл ақын өзінің балаң өлеңдерінен бастап, отаншылдық бағыттағы туындыларын оқып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Кеште облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, жас ақынның Түркістандық оқырмандары ерекше ықыластарын білдірді.