Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Ақмаңдайлым әнші — 100 жыл

Ақмаңдайлым әнші — 100 жыл

Биыл Алаштың ақ маңдайлы аруы Роза Бағланованың туғанына – 100 жыл. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазақстанның, КСРО-ның және Қырғызтанның халық әртісі. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінен бастап, Қазақ опера және балет театрында, «Қазақконцертте», Қазақ филармониясында жалғастырып, ұлттық ән өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдары майданда өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысты. 1949 жылы кеңес-венгр кинематографтарының «Юность мира» деректі фильміне түсті. Халық Қаһарманы ретінде тұтас бір дәуірдің символына айналды.
Әншінің әкесі Тәжібай мен анасы Ақкүріш бірі сырнай тартып, бірі ән салатын өнерлі жандар болыпты.
Азан шақырып қойған есімі – Рауза, бала кезінен ерке өскен қыз бірте-бірте Роза атанып кетеді. Ағасы Ыдырыс Ұлы Отан соғысына кеткеннен қайтып оралмаған.
Өзінің кәсіби саласында ерлікке бергісіз еңбек етіп, нағыз қаһарманға лайық іс атқарған Роза Бағлановадай әнші кемде-кем. Оған мысал ретінде Мәскеуде, Чайковский атындағы залда өткізген концертінде әншіні сырттағы жанкүйерлер тасқынынан атты полиция жасағы күзетіп тұрғанын айтсақ та болар.
Роза Бағланова А. Вертинский, Г. Уланова, М. Плисецкая, И. Ильинский, А. Райкин, атақты С. Рихтер және Д. Шафранмен бір сахнада өнер көрсетіп, И. Сталин, Н. Хрущев, Л. Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун сияқты әлемнің көптеген мемлекет қайраткерлерімен жеке таныс болды. Кеңес Одағының мәдениет қайраткерлері оны «Қазақтың ерке қызы» («Маленькая казашка»)  деп атаған.
Джавахарлал Неру мен Индира Ганди Роза Бағланованы екі рет арнайы шақырып қонақ қылады. Бұл шетелдіктердің қазақ өнерін мойындауы еді. Роза Тәжібайқызы қазақ халық музыкасын және Қазақстан композиторларының шығармашылығын насихаттауға үлкен үлес қосты. Әлем бойынша үлкен беделге ие болған А.Н. Маркестің «Кто есть кто в мире» атты анықтамалық кітабына Жер шарындағы ең таңдаулы деген 150 мың адамның біреуі ғана енеді. Сол кітаптың 1995 жылғы басылымында «Кто есть кто из женщин мира» атты тарауына Роза Бағланованың есімі Маргарет Тэтчер, Элизабет Тейлор секілді жандармен қатар жазылған. Бұған қоса Роза апамыз Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын алған алғашқы қазақ қызы.
«Ах, Самара, городок», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Таң самалы», «Сұлу қыз» «Іңкәрім-ай», «Әдемі-ау» сияқты әндерімен халқының жүрегінен орын алған әнші 2011 жылдың 8 ақпанында 90 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан қайтыс болды. Бүгінде ұлы Тәжен мен келіні Маралдан Тәжібай, Ақерке, Үрбибі атты үш немересі бар.
Қазақ өнері мен сұлулықтың жаршысы бола білген, сонымен қатар, бар ғұмырын қазақ өнерінің өркендеуіне арнап, әсем даусымен жарты әлемді тамсандырып, 30-дан астам тілде ән салған дара талант Роза Тәжібайқызының жүз жылдығы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілген.
Бүгінгі күні еліміздің барлық аумағында түрлі тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылуда. Роза Тәжібайқызының 100 жылдығына арнап Түркістан қалалық кітапханасында да «Қазақтың Ақмаңдайлымы» атты іс-шара өткізді. Мұнда бала Розадан  Халық Қаһарманы Роза Бағлановаға дейінгі өмір дерегі баяндалып, қазақтың бұлбұлы атанған ерекше талантты әнші туралы естеліктер және Роза Бағланованың орындаған әндері шырқалды. Сонымен қатар, Роза Тәжібайқызы туралы соңғы уақыттарда түсірілген деректі фильм мен өнері мен өмірін байланыстыратын фотокөрме көрсетілді. Өз өнерін отбасынан биік қойған Роза Тәжібайқызын халық ешқашан ұмытпайды, оның өнегеге толы өнеріне болашақта да үлкен құрмет көрсетілері анық.

Г.Ақмолдақызы.

 

 

 

Пікір жазу