Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында қоғамдық маңызы бар «Ономастикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы өзекті мәселелер» атты семинар өтті. Аталмыш шараға Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков пен мамандары, облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, ономаст-ғалымдар, зерттеушілер мен тарихшылар, аудандық, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков модератор болып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Содан соң Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Нағима Қошанова «Ономастикалық атау берудегі заңдылықтар» тақырыбында баяндама жасады. Ал Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, т.ғ.д. Хазрет Тұрсын «Ономастикалық атауларды қалыптастырудағы кейбір мәселелер» атты баяндамасында осы саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.
Айта кетейік, ҚР Президентінің, ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларын қатаң басшылыққа алуды насихаттау, тарихи тұлғалар мен тарихи атаулардың мән-мағынасын пайда болу сырларын анықтау, түсіндіру, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада баяндама жасаған спикерлер-ғалымдарға қатысушылар сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Бұл шара алдағы уақытта да басқарманың жоспарына сәйкес, көшпелі семинар ретінде өз жалғасын табатын болады.