Түркістан қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінде «Бейінді-бағдарлы оқыту жеке тұлғаны дамытудың негізгі құралы» тақырыбында қалалық семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты – бейінді-бағдарлы оқыту – кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге даярлау, олардың кәсіптік бағдарлары үшін жағдай жасау, оқушылардың арнаулы бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру бағытында болды.
Семинар барысында мәжіліс залында оқушылардың шығармашылық жұмыстары көрсетілді. Математика пән мұғалімі М.Жұмахан жоғары деңгейде өз жұмыстарын саралады. Негізгі кезең бойынша «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында ағылшын тілі пән мұғалімі Ә.Киізбаева кіріктірілген сабақ өтті. «Мамандық менің болашағымның таңдауы» тақырыбы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалім Қ.Сәдібек 9-10 сынып оқушылары арасында дебат өткізді. «Қандай кәсіби мерекелер бар?» тақырыбы бойынша 4 «ә» сыныбында дүниетану пәнінен К.Үсенбаева аралас сабақ өтті.
Сонымен қатар «Зерде интеллектуалдық ойынын 10-сыныптар арасында ағылшын тілі пән мұғалімі А.Даутова сайыс сабақ түрінде өткізді. «Мамандық – өмір таңдауы» тақырыбы бойынша 9-сыныптар арасында мамандық иелері, автомеханик, тракторист Байзақов Бауыржан, агроном Әбдіраман Ерсұлтанмен бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары М.Назаров, педагог-кәсіби бағдар беруші М.Дуйсенбекова кездесу өткізді. Кездесу барысында оқушылар автомеханик, агроном мамандығы бойынша қызықты да қажетті мәліметтер алды.
Семинарда мұғалімдердің өткізген әрбір сабағы тақырыпты аша білді. Семинардың ерекшеліктерін атап өткен қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Г.Әметова мектеп ұжымына шығармашылық табыс тіледі.