Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «Ясауи антологиясы» кітаптар жинағының тұсаукесері өтті.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің оқытушылары, ясауитанушылар, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, жастар қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ел руханияты тағы бір қазынаға молайғанына тоқталып, бұл кітаптың жас ғалымдар үшін маңызды көмекші құрал екенін атап өтті.
– Халқымыздың тарихында айрықша орны бар ұлы ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи тұлғасын тану арқылы біз ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеуге жол ашамыз. «Ясауи антологиясы» кітаптар жинағында Қ.А.Ясауидің рухани адамгершілік тәлім-тәрбиесін, ағартушылық қызметінің, шығармашылық, тарихи еңбектерін талдау, негізге алу, философиялық танымдары жүйелеу қамтылған. Бүгінде Түркістанды Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытында игілікті істер атқарылып жатыр. Бұл орайда, күллі түркі әлемінің рухани астанасында республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынады, — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры Досай Кенжетайдың айтуынша, «Ясауи антологиясы» кітаптар жинағы 9 кітаптан тұрады. Онда көне қалалар, тарихта терең орын қалдырған тұлға есімдері, пайғамбарлар, әулиелер, тіпті Ислам тарихында аты қалған тұлғалардың есімдері де бар.
Қазіргі таңда Түркістанда Ясауи музейі бой көтеріп жатыр. Мұражайда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылатын болады. Бұл ғимарат ұрпақты ізгілікке, ғылым мен білім үйренуге бағыттайтын бірегей сәулет нысаны болмақ. Бұл ретте, «Ясауи антологиясы» кітаптар жинағы оқырмандарға Ясауи жұмыстарын тереңнен тануға мол мүмкіндік беретіні анық.