Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдулла Гүл жаңарған шаһарды аралау мақсатында Түркістан қаласына келді.
Құрметті қонақты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Қ.А.Ясауи кесенесінен бастап, соңғы 4 жылдағы сәулеті жарасқан ғимараттармен таныстырды. Ұлы дала орталығындағы тарихымыз бен дәстүрімізді бейнелейтін түрлі жәдігерлермен танысты, сонымен қатар, “Фараб” ғылыми-әмбебап кітапханасына барып, Түркістан туралы кітапты сыйға алды.
«Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Президенттік лауазымды атқарып жүргенімде Түркістанға ресми сапармен келдім. Протокол бойынша қысқа мерзім аралығында ғана тамашаладым. Атажұртқа деген мауқым басылмады. Сол кездерде Алла сәтін салса бір келермін деген ойды жүрегіме түйіп қойған едім. Өткенде шақырту түскенде бірден сол ой қайта оралды. Негізі Алматы арқылы ұшып кетуім оңай еді. Жұбайыммен кеңесе отырып, осылай асықпай кеңінен танысып шығуға тоқтадым», — деді Абдулла Гүл.
Бұдан бөлек, Абдулла Гүл Туризм және меймандостық университетінде студенттермен кездесіп, жылына 40 млн турист күтіп, шығарып салып жатқан Түркияның тәжірибесімен бөлісті. Ал, Конгресс холл кешенінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркі кеңесіндегі 5 мемлекетке ортақ етіп ұсынылған “ТURAN” арнайы экономикалық жобасы туралы жүргізілген таныстырылымына қатысып, түркиялық ұйымдармен арнайы таныстырылым жүргізу керектігі жөнінде өз кеңесін айтты.
Сондай-ақ, экс-Президент “Түркістан” телеарнасына Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы және перспективаларына қатысты сұхбат берді. Түркі әлеміндегі қайраткер тұлғаның Қазақ еліне құрметінің ерекше екендігі әрбір сөзінен аңғарылады.
Сонымен бірге, Түркістан қаласына іссапармен келген Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдулла Гүл бүгін «Түркістан Оқушылар сарайында» болды. Сапар аясында өңірдегі маңызды нысандарды аралаған ол оқушылардың жаңажылдық мерекеге арнаған өнерін де тамашалады.
Сондай-ақ, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова “Зергерлік өнер”, “Киім моделін жобалау” сынды түрлі бағыттағы үйірмелермен және ”Юнисет” білім беру ХАБ-ымен таныстырды. Өз кезегінде Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл оқушылардың өнері мен шығармашылығына тәнті болып, жас жеткіншектердің дамуына мүмкіндік беріп отырған ұжымға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгінде «Оқушылар сарайындағы» 60-тан астам үйірмеде 1600-ге жуық оқушы шеберліктерін шыңдап, түрлі республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып келеді.