Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ ШАЛҒАЙ АУДАНДАҒЫ 200 МЫҢ ТҰРҒЫН САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ ШАЛҒАЙ АУДАНДАҒЫ 200 МЫҢ ТҰРҒЫН САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Туғанбай мәлімдеді. Спикердің мәліметінше, басқарма 2023 жылы бірқатар маңызды мақсат бойынша жоспарлы жұмыс атқармақ.
– Ең бастысы, қала аумағын мобильді интернет желісімен және сапалы байланыспен қамту үлесін 95 пайызға, ал шалғай елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында оптикалық желі тартып, қамту үлесін 85 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Оған қоса қаладағы қоғамдық орындарды 100 пайыз wi-fi желісімен қамту, қала тұрғындарының цифрлық сауаттылық деңгейін одан әрі арттыру, бейнебақылау камералардың санын көбейту, IT саласына 1,5 млрд теңге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар басты мақсат болып отыр, – деді Мақсат Маратұлы.
Жауапты маманның айтуынша, 2022 жылы мобильді операторлармен бірге қаладан шалғай орналасқан 14 тұрғын алаб және шағынаудандарға антенна-мачталық құрылғы мен базалық станция орнатылып, 71 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернетпен қамтылған. Олар – Асар, Мартөбе, Бадам, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (автоцон), Ақжар, Достық, Ақтас және Ақжайық шағынаудандары.
Ал биыл интернет сапасы төмен 29 елді мекенге базалық станция орнату жоспарлануда. Олар – Береке, Забадам, Оңтүстік ш/а, Қарабастау, Сайрам, Таскен, Тассай, Нұртас, Қатпас-1, Тұран, Тұран-2, Шымсити, Бозарық, Абдулабад, Тоғыс, Маятас, Самал-3, Сайрам е/м, Құрсай (агроферма), Асар-2, Достық (саяжай аумағы), Ынтымақ-2, Нұршуақ, Қызылжар, Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Сәуле және Қайнарбұлақ (саяжай және жаңақұрылыс аумағы) тұрғын алаптары. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылып, 200 000-ға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.
Оған қоса қала орталығына 5G технологиясын қамтитын 10 базалық станция орнатылмақ. Қазіргі таңда орындар бекітілуде.
«Шымкент келбеті»

Пікір жазу