Шымкент қаласы Бозарық шағынауданында құрылыс қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды didarbek.kz.
Қазір мұнда мемлекет бюджеті есебінен 49, жеке инвесторлар тарапынан 58 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Биыл шағынауданында 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін олардың 5-еуінің құрылысы аяқталады. Былтырғы жылы осы аумаққа газ, су, электр, кәріз жүйелері жүргізілген, қазір мұнда ішкі орам жолдары салынуда. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта шағынауданда мектеп, емхана, спорт кешені бой көтереді. Құрылыс қарқынымен танысқан қала әкімі жауаптыларға ең алдымен, жұмыстарды өндірістік кестеге сай жылдамдатуды ескертті.
Сондай-ақ, жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан көпқабатты үйлердің эскизін бекітіп, барлық нысандардың сапасын, сәулеттік ерекшеліктерін қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, 2023 жылға ауқымды жоспар құрылған. Бюджет есебінен әлеуметтік салада 19 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде білім саласында – 7, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында 1 нысаннан, ал спорт саласында 4 нысан салынбақ. Атап айтқанда үшінші мегаполистегі №8, 65, 45 мектептерге қосымша ғимараттар, №4 өнер мектебі, әкімшілік-іскерлік орталықта және Тұран шағынауданында бір-бірден оқушылар сарайы және №10 колледжге қосымша ғимарат салынбақ.
Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан 6 нысан жыл соңына дейін аяқталады, ал 1 нысан 2024 жылға өтпелі. Мәдениет саласында Конгресс-холл мен 4 спорт нысанының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Олар – «Метталург» стадионын қайта құру, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат, Бозарық шағынауданындағы ауыр атлетика мектебінің құрылысы мен медициналық колледждің спорт залы.