Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жеткен. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлап отыр.
Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді.
«Кешенді спорт клубында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыcпақ, жекпе-жек, жамбы ату, конкур, көкпар, теңге ілу, бәйге бойынша 10 бөлім жұмыс істеп тұр. Бүгінде ұлттық спорттың 10 түрінен 107 оқу тобы жасақталып, онда 1082 спортшы жаттығып жүр. Ал, жас спортшыларды өз саласының білгір 54 оқытушы-жаттықтырушысы баптап жүр», — дейді мамандар.
Қазіргі таңда ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.
Айта кетейік, Шымкент қаласында спорттық нысандар саны 933-ке жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл қаламызда бюджет есебінен 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, Абай ауданында — 25, Әл-Фараби ауданында — 9, Еңбекші ауданында — 11, Қаратау ауданында — 6 спорт алаңшаның құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы алғанда 51 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жалпы 346 алаңша бар.