Шымкент қаласында спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы аясында 113 кәсіпкер жұмыс жасауда, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың үлесін арттыру аясында спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыруда Шымкент қаласы бойынша көрсеткіштері алдыңғы қатарда. Бағдарламаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323 миллион теңге қаржы бағытталды. Аталған бағдарлама бойынша қазіргі таңда 113 кәсіпкер жұмыс істейді. Бағдарлама аясында жалпы 217 секциядан тұратын 20 спорт түрімен 19 333 бала тұрақты шұғылдануда. Сонымен қатар, 338 жаттықтырушы және 200-ге жуық қызметкер жұмыспен қамтылған. Сондай ақ, басқарма қарамағындағы 29 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі және мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында 5 спорт нысаны жұмыс жасайды. Осы спорт мекемелерінде 18 242 спортшымен 906 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізеді.
Айта кетейік, 2021 жылдың 1 мамырынан балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізілді. Жаңа әдіс спорт секциялары тапшылығы проблемасын шешуге және жеке секторды тарту есебінен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Ал, ата-аналар қызмет көрсетушіні таңдау және оның қызметіне баға беру құқығына ие. Шығындар баланың тұрғылықты жерін, спорт түрін, қызмет көрсету әдісін және өзге де бірқатар факторды есере отырып бекітілген тарифпен төленеді. Мемлекеттік спорт тапсырысының операторы қызметі жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әкімдіктер мемлекеттік спорттық тапсырыс орналастырып, қызмет көрсетушіні іріктеу, кезек қалыптастыру, қызметке төлем жасау және қаражаттың мақсатты түрде жаратылуына бақылау жасау жұмыстарын үйлестіреді. Жемқорлық тәуекелдерді төмендету үшін мемлекет, қызмет көрсетуші және ата-ана арасындағы өзара қарым-қатынас электронды форматта қалыптастырылған.