Бүгін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» тақырыбында жыршы-термешілердің қатысуымен шығармашылық кездесу өтті.
Бұндай шығармашылық кездесулердің мақсаты – атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді алқалы әлеуметке боямасыз ұсыну және дәстүрлі өнерді жастар арасында кеңінен дәріптеу.
Іс-шараға ҚР мәдениет үздігі, республикалық конкурс лауреаты, Шымкент саз колледжі ән салу бөлім меңгерушісі, дәстүрлі әнші, термеші — Жақып Сынабайұлы, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының ұстазы, термеші — Құнанбай Егенбердіұлы, саз колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы, әнші, термеші — Ербол Байзақұлы мен қала жастары қатысты.
Кездесуде болған термешілер алдымен терменің шығу тарихын баяндап, халық арасында кеңінен танылып жүрген термелерден сыр шертті.
-Терме – ата-бабамыздан бізге аманат болып жеткен, дәстүрлі өнер түрі. Халықтың мұң-мұқтажы, іште бүккен сырларын баяндайтын сондай бір керемет лирикалық өнер. Термені ары қарай халық арасында дәріптеу біз бен сізге аманат, — деді термеші Жақып Сынабайұлы.
Айта кетейік, орталығымыздың ұйымдастыруымен бұндай шығармашылық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде балалар мен студент жастардың, педагогтар мен ата-аналардың қатысуымен домбыра тарту челленджі ұйымдастырылды. Шығармашылық топ Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындады. Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткен күй челенджіне қаладағы 2 мыңнан аса білім мекемесінен 21 мыңнан аса оқушы, студент, ұстаздар қатысты. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында, бір уақытта күмбірлеген домбыра үні ұлтымызды ұлықтап, мерекелік ләззат сыйлады. Сондай-ақ, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде, Арбат алаңы мен Абай саябағында «Ордабасы – бірліктің туы», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты тарихи мультфильмдермен қатар «Ұлы дала таңы», «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» көркем фильмдері ұсынылды. Тарихи-мәдени кешенге келген қонақтар елімізге белгілі дизайнерлердің жеке топтамаларынан этно стильді дефиле көрсетілімін тамашалады. Сондай-ақ, іс шара барысында тарих тереңінен сыр шертетін «Шығыс базары», «Ұлттық қолөнер — ұрпаққа аманат», «Көне қала сыр шертеді» атты көрмелер мен көріністер ұйымдастырылды.