Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: САРБАЗДАР ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

ШЫМКЕНТ: САРБАЗДАР ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Бүгін Шымкент қалалық Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына қаланың 40 жас сарбазын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған кешке қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштер ардагерлері және интернационалист-жауынгерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев әскерге шақырылғандарға сәттілік тіледі.
– Әскер – жас жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасы мен Отанын қорғауға дайын болуы керек. Ал болашақ жауынгерлердің әзірліктерін көтеру, Отан қорғайтын батыр, рухы мықты сарбаздарды дайындау — бізге жүктелген міндет, — деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Мерзімді әскери қызмет өткеру тек қару қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеруге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар, жастарымыздың денесін шынықтырып, рухани нығаюға ықпал етеді.
Қарулы күштер сапында қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұны жете түсінген жігіттер Отан алдындағы борыштарын атқаруға дайын.
Биылғы шығарып салу салтанатында әншілер әннен шашу шашып, 35-740 әскери бөлімі бірнеше музыкалық шығарманы орындап, қару қолданудың түрлі әдісін көрсетті.
Айта кетейік, көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында үшінші мегаполистен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметінің қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ге жуық бозбала шақырылды.
Бұл шара жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында жыл сайын күзде, әрі көктемде өткізіледі. Қарулы Күштерде қызмет ету әр азаматтың құрметті борышы және міндеті болып табылады.

Пікір жазу