Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПҚОП» ЖШС) жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды didarbek.kz.
ҚР Энергетика минстрлігіне сілтеме жасап. Кестеге сәйкес кәсіпорындағы ЖАЖ осы жылдың 15 наурызынан 8 сәуіріне дейін жүруге тиіс еді. Алайда «ПҚОП» ЖШС жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, ішкі нарық үшін өнім шығара бастады. “Жоспарға сай сәуірде ПҚОП 366 мың тонна мұнай өңдеуі қажет. Бензин өндірісі 110,1 мың тонна, дизель отыны – 114,8 мың тонна, сұйытылған мұнай газы – 15,1 мың тонна, әуе отыны – 19,3 мың тонна, мазут – 77,6 мың тонна көлемінде жоспарланып отыр.
Барлық жөндеу жұмыстары уақытылы, ал кейбірі уақытынан бұрын орындалғанын атап өткен жөн. Айталық, мұнайды бастапқы айдау қондырғысы жұмыс режиміне жоспарлы мерзімінен бір тәулік бұрын, каталитикалық крекинг қондырғысы 5 тәулік бұрын шығарылды. Мұнайды бастапқы айдау, каталитикалық риформинг, дизель отынын гидротазарту, керосинді гидротазарту, каталитикалық крекинг қондырғыларының жекелеген бөлшектерін ауыстыру, қалпына келтіру және жабдықтарын баптау сияқты іс-шаралар атқарылды”, — делінген жазбада.
Жөндеу жұмыстарына 22 мердігер ұйым мен 1305 маман тартылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «ПҚОП» ЖШС рекордтық көлемде 6,2 млн тонна мұнай өңдеген. Бұдан бұрын Мемлекет басшысы зауыттың өндірістік қуатын арттыру және мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойды. Айта кетейік, Шымкент қаласында сұйытылған газ тапшылығын болдырмау бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр. Қалада сұйытылған газ саудасымен 224 станциясы бар 29 компания айналысады. Бүгінде соның ішінде 8 компанияға қарасты 76 станцияда газ бар және тұтынушыларға еркін сатылып жатыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, тапшылықтың туындауына Шымкент қаласында газбен жұмыс істейтін көліктердің көбеюі себеп болған. 2022 жылдың сәуір айында Шымкентте осындай көліктердің саны 47 мыңды құраған еді. 2023 жылдың ақпан айында сұйытылған газбен қозғалатын көліктердің саны 51 300-ге жеткен. Ал, Шымкент қаласына бөлінген квота айына 6 500 тонна күйінде қалып отыр.