Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.
Онлайн форматта өткен кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек, «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС басшысы Мейірхан Пірназаров, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдібек Үкібаев пен мекеме қызметкерлері қатысты.
Кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек ашып беріп, мәжіліс қатысушыларымен таныстырды. Таныстырылымнан соң бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары және жеткен жетістіктері бойынша арнайы дайындалған бейнематериал қатысушылардың назарына ұсынылды. Жиында алғашқы сөз алған ҚР КФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдібек Үкібаев бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы, міндеттері мен табыстары және алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның мәлімдеуінше, бүгінде компанияда жұмыс істейтін 690 қызметкер бар. Барлығы да кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ ұйымының жұмысшылары үшін қолайлы жағдай жасалған, әр қызметкерге мейрамдарда толыққанды кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп, еңбектері еленіп отырады. Мерейтой, туған күн, зейнет жасына келген қызметкерлерге Алғыс хат және арнайы сыйлықтар ұйымдастырады. Сондай-ақ, еңбегі сіңген қызметкерлерге санаторийлерге жолдама табыстау жолын да қарастырады. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау 100 пайызға сақталған. Кездесуде сөз сөйлеген автопарк басшылығы Мейірхан Пірназаров кәсіподақтың ықпалымен жүргізушілердің жалақылары артқаны үлкен қуаныш болғанын жеткізді. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығы жайында айтып, мәселеге қатысты мамандыққа қызықтыру мақсатында арнайы ұсыныс дайындалып жатқанын жеткізді. АКБ төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек алдағы уақытта компания қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздіктері жағынан біліктіліктерін арттыру бойынша оқыту жүргізілетінін жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау басты назарда екенін алға тартты. «Түркістан көлік компаниясы» бүгінде әлеуметтік жауапкершілік жүгін жүктеп келе жатқанына тоқталып, техника қауіпсіздігі мен еңбек қауіпсіздіктері бағытында атқарылар жұмыстарды толыққанды ілгерілетіп, жөнге келтіруді алға тартты. Ал, басқа да шешілмейтін мәселелер бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылып, шешілу жолын қарастыратынын, мәселелер жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Төраға орынбасары жиынға оң бағасын беріп, кәсіподақ мүшелеріне сәттілік тіледі.