Еліміздің үшінші мегаполисінде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдақ бірлестігінің өңірлік филиалының құрамындағы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының ұжымымен кездесу өтті.
Басқосуда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов жоспарлы семинар кеңес өткізді. Жиын барысында еңбек Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша түсіндірме жүргізілді. Атап айтқанда, еңбек дауларын алдын-алу, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын көтеру сынды түрлі ақпарат айтылды.
Кездесу барысында жұмыскерлердің еңбек құқықтары талқыланып, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясында 2 мың адам жұмыс жасайды. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы — Абдибаева Сауле Миралбайқызы.
Келесі семинар-кеңес Шымкент қаласындағы №2 қалалық аурухана ұжымымен өтті.
Семинар барысында қатысушыларға еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек адамына құқықтық көмек көрсету жөнінде ақпарат берілді.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек жиында өңірлік Кәсіподақтар орталығы еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытындағы ақпараттарымен бөлісіп, биыл Кәсіподақтар Федерациясының «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі басты назарда ұстайтынын алға тартты.
Еңбек ұжымы кәсіби пайдалы дәрісті тыңдап, еңбек жағдайында орын алатын мағлұматтар мен ақпараттарға қанық болды.