15 сәуір — «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ғашықтар күні. Шымкентте ғашықтар мерекесінде жыл сайын дәстүрлі түрде «Бозбала мен бойжеткен» байқауы өтіп, ең жарасымды жұпты анықтайды. Биылғы махаббат пен сүйіспеншілік құндылығын асқақтатқан байқауда ОҚМПУ-дың талантты да өнерлі жұптары жеңімпаз атанды.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Бозбала мен бойжеткен — 2023» байқауына биыл 8 жұп қатысты. «Бұл сайыс — жастардың бойына әдептілік, ізгілік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру және қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін ұмыт қалдырмауға бағытталады»- деді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов. ⠀
— «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық жыры – қазақ халқының ауыз әдебиетінде ерекше орынға ие, көркемдік қуаты мен эстетикалық мәні зор туынды. Бұл жыр махабатқа беріктікті, таза, іңкәр сезімді, жарға деген сүйіспеншілік пен адалдықты және мейірім мен ізгілікті ғасырлар бойы дәріптеп, осынау құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келеді, — деді Мағжан Исахов. ⠀
Төрт кезеңнен тұратын байқауда жастардың шығармашылық өнері мен зияткерлік дарыны сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені ОҚМПУ студенттері Даниал мен Ақсезім жеңіп алды. 2 орынды Бақдаулет пен Меруерт (Орталық Азия университеті), 3 орын Асылбек пен Жасмин (М.Әуезов атындағы ОҚУ) лайық деп танылды.
Кеш барысында қатысушылардың барлығы марапатталды.
Еске сала кетейік, аталған байқау биыл қаламызда екінші рет өткізіліп отыр. Ең алғаш рет «Бозбала мен бойжеткен – 2022» байқауы өткен болатын. Сайысқа қатысуға 50-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Дегенмен, 8 жұп қана финалға жолдама алып, бақ сынады.