Шымкентте жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «WorldSkills Shymkent – 2023» Халықаралық чемпионатының аймақтық кезеңі бастау алды, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Кәсіптік техникалық мамандықтардың деңгейін арттыратын бұл жобаға Қазақстан 2015 жылы алғаш рет қатысып, халықаралық деңгейде жүлделі орын иегері болған еді. Жоба аясында қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру көзделген.
Сәуірдің 17-21-і аралығында өтетін чемпионаттың аймақтық кезеңі Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, кәсіпорындармен бірлесе отырып, материалдық техникалық жабдықталған, қаланың 13 жетекші колледжі базасында өтпек.
– «WorldSkills» чемпионатының аймақтық кезеңіне 45 құзыреттілік бойынша 204 үміткер қатысуда. Чемпионат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, қызмет көрсету саласы, білім беру, медицина, шығармашылық және дизайн, құрылыс индустриясы, көлік және логистика бағыттары бойынша өткізіліп отыр. Чемпионат қатысушыларының конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалайды, – деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева.
Айта кетейік, «WorldSkills Shymkent – 2022» чемпионатының аймақтық кезеңіне 46 құзіреттілік бойынша 176 үміткер қатысқан болатын. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, қызмет көрсету саласы, шығармашылық және дизайн, құрылыс индустриясы, көлік және логистика бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылардың конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады. Сонымен қатар, аймақтық «WorldSkills Shymkent — 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының үздік жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальмен марапатталды.