Шымкенттік ХҚКО-да «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа ақпарат жүйесіне көшуіне байланысты жылжымайтын мүлік желісі бойынша қызметтер көрсетуге өтінімді қабылдау уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды didarbek.kz.
Мемлекеттік корпорация 2023 жылғы 26 сәуір мен 9 мамыр аралығында еліміздің ХҚКО-ларында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлікті тіркеу және жылжымайтын мүлік объектілерін техникалық тексеру саласында қызметтердің барлық түрлері уақытша тоқтатылғанын мәлемдеді. Қағаз жеткізгіштерде қызметтің орындалуы, әрі құжаттарды жеткізу мерізімінің ұзақтығына байланысты ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтерді қабылдау eGov.kz-тен бұрын тоқтатылады. Айта кетейік, қызметке 26 сәуірге дейін тапсырыс берген азаматтар нәтижені көрсетілген мерзімде ала алады.
Сонымен қатар, биыл 2-9 мамыр аралығында eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлікті ресімдеуге әрі техникалық тексеруге құжаттарды онлайн қабылдау, нотариустар, салық жүйелері арқылы, екінші деңгейдегі банктер және ҚР Әділет министрлігінің атқарушы органдарының жүйелері бойынша қабылдау тоқтатылады. Одан бөлек, көрсетілген кезеңде азаматтар тұрғын үй бағдарламаларына байланысты қызметтерді пайдалана алмайды. «Жаңа жүйеге көшу мереке күндері ұйымдастырылады. Айта кетейік, ЖМБМК-ға көшу кезінде жер учаскелерін ресімдеуге байланысты барлық өмірлік жағдай кезең-кезеңімен цифрланады. Одан бөлек, мемлекеттік қызметтердің барлық спектрін көрсету, оның ішінде жаңа және қолданыстағы учаскелер бойынша түзету енгізу мүмкіндігі көзделген.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қаупіне жол бермеу мақсатында жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті ресімдеуі заңнама тұрғыда қарастырылатын болады», — деді, Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин. Еске сала кетейік, 2023 жылдың 5 сәуірінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Мемлекеттік корпорация жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметті көрсетуді автоматтандыру мақсатында «жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпарат жүйесін іске қосу жүргізіліп жатыр. Ақпарат жүйесі екі дерекқордан алынған мәліметтерді қамтиды. Олар «жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік дерекқоры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі. Деректер базасынан барлық ақпаратты көшіру аяқталғаннан кейін олар жойылады.