Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТІҢ АУЛАСЫН ЕҢ СӘНДІ ЕТІП КӨРІКТЕНДІРГЕН ТҰРҒЫНҒА 1 МЛН ТЕҢГЕ БЕРДІ

ШЫМКЕНТТІҢ АУЛАСЫН ЕҢ СӘНДІ ЕТІП КӨРІКТЕНДІРГЕН ТҰРҒЫНҒА 1 МЛН ТЕҢГЕ БЕРДІ

Шаһардағы Орталық саябақта «Менің гүлді аулам» байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың жеңімпаздарын қала әкімінің орынбасары Ергешбек Нұрсадық құттықтап, қаржылай сыйлықтарды табыстады, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
– Қаламыздың өркендеуінде осындай байқаулардың маңызы зор. Бұл аға буынның жастарды өз ортасын көгалдандыруға, гүлдендіруге және еңбекке баулуға жол көрсететін бастама болды. Қаламызда 1300-ден астам аула бар. «Менің гүлді аулам» байқауына 92 аула өтінім берген екен. Бүгін оның 31-і жүлделі орыннан көрініп отыр. Бүгінгі жеңімпаздарды халық арасынан шыққан көгалдандыру саласының мамандары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері саралады. Алдағы уақытта бұдан да көп аулалар осы сайыста бақ сынап, тұрғындар өз ауласын көгалдандыруға белсенді атсалысып, жүлдегер атанады деп үміттенеміз, — деді қала әкімінің орынбасары.
«Менің гүлді аулам» байқауы өткен жылдың қазан айында басталып, сәуірде өз мәресіне жетті. Қатысушылардың еңбегін комиссия өкілдері 10 критерий негізінде бағалап шықты. Қазылар алқысаның төрағасы, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың директоры Гүлнара Сапарымбеттің айтуынша, байқауда жүлдегерлердің санын арттыру үшін қаржылай сыйлыққа өзгеріс енгізілді.
– Аулаларды аралау барысында тұрғындардың қоршаған ортаға, қаламызға деген сүйіспеншілігін көріп қуандық, ауызбіршілігіне тәнті болдық. Өзім көгалдандыру саласының маманы болғандықтан өсімдік пен ағаштың өсуіне қарай оған қандай күтім жасалғанын бірден байқаймын. Комиссияның алқа отырысында ақылдаса келе байқауға белсенділік танытып, төңіреген гүл мен ағашқа көмкерген тұрғындарды ынталандыру мақсатында жүлдегерлердің санын 2 есеге арттырдық. Бес ауданнан үш орын бойынша 15 жүлдегер шығу керек болса, біз оны 31-ге жеткіздік, — дейді комиссия төрағасы.
Бүгінгі салтанатты марапаттау рәсімінде 9 аулаға – 1 миллион теңге, 6 аулаға – 500 мың теңге, 9 аулаға – 250 мың теңге, 8 аулаға – 150 мың теңге, 1 аулаға – 100 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды.

Пікір жазу