Шымкент қаласында әскерден оралған сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алу шарасы өтті, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді. Жас жауынгерлерді қарсы алу іс-шарасы гарнизон мен қалалық қорғаныс істері департаменті бастығының ұйымдастыруымен өткізілді. Запасқа шығарылған әскери қызметшілердің кездесуі нағыз мереке атмосферасын құрған әскери оркестрдің шеру әуенімен өтті. 35748 әскери бөлімінің оркестрінің салтанатты шеруінің үнімен Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Дастан Мұхамеджанов, қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен достары Отан қорғаушыларды теміржол вокзалының перронында гүлдермен және шарлармен қарсы алды.
— Осыдан тура бір жыл бұрын осы теміржол вокзалынан біз бұл жігіттерді әскер қатарына қосқанбыз. 12 ай ішінде олар нағыз батылдық емтиханынан өтіп, мінездерін шыңдап, өздерін қайта құрды. Әскери мектептен тәлім алған жастардың жұмысқа орналасу жағынан үлкен артықшылықтары бар, — деп атап өтті қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев. Туған қаласына пойызбен келіп жеткен жауынгерлер ата-аналары мен жақындарының жүздерін көргенде ерекше қуанышқа бөленді.
– Мен 12740 әскери бөлімінде қызмет еттім. Осы уақыт ішінде үлкен тәжірибе жинадым, жасым ұлғайып, ұстамдылығым арта түсті. Әскери және арнайы техникамен жұмыс істеу дағдыларын игеріп, ұжымда жұмыс жасауды үйрендік. Басында қиын болды, бірақ кейін барлығына үйреніп кеттік. Қызмет барысында әртүрлі жаттығуларға қатыстық. Менің ойымша, әрбір жігіт осы мектептен өтуі керек, – дейді қатардағы Бәйдібек Тұрған. Өз кезегінде сарбаздардың туыстары мен достары олардың бой түзеулері мен қалыптастырған тәртіптілігіне ерекше таң қалды.