Шымкент қаласында 26 сәуір күні созылмалы табиғи өрттерді сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтеді, деп хабарлайды didarbek.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Эльмира Уалиханқызы брифинг барысында мәлімдеді. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде Алдағы жазғы өрт қауіпті кезеңінің басталуына байланысты табиғи өрттердің туындау қатерін болдырмау мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүргізілуде. Қазіргі таңда қала әкімдігімен «2023 жылдың өрт қауіпті маусымында Шымкент қаласы аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою тәуекелдерін төмендету іс-шаралар туралы» жоспары әзірленіп бекітілді. Ағымдағы жылдың сәуір айының басында төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырысы өткізіліп, онда «Орман және дала өрттерінің алдын алу» тақырыбында сұрақтар қаралып тиісті мекемелерге хаттамалық тапсырмалар берілді. Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағында жалпы аумағы 12 980 га құрайтын егістік алқабымен 60 шаруа қожалығы орналасқан.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында жалпы көлемі 6 мың 286 га құрайтын «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысына қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары бар. Бүгінде орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 53 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 320,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 300 шақырым және егістік алқаптарында 402,1 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде қала бойынша болуы мүмкін орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында жалпы 40-нан астам ерікті өрт сөндіру топтары құрылды. Олар 69 бейімделген қосалқы техникалары мен 14 өрт сөндіру мотопомпалармен жабдықталған.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінде 24 бірлік техника және 100 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілді. Дала-орман өрттерінің негізгі себептері; сөндірілмеген сіріңкелер мен темекі қалдықтары, шыны ыдыстарының қалдықтары және дала, орман алқаптарында бақылаусыз от жағудан орын алады.