Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды didarbek.kz. Аталған отырыста екі мәселе қаралды. Бауыржан Әлтеев жетекшілік еткен жиында қаладағы жергілікті атқарушы органдар тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жөніндегі іс-шаралар, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есебі, оқу мекемелерінің білім сапасы мәселесі талқыға түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев жыл басынан бері білім және жер қатынастары саласында талдау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Шаһарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда 218 іс-шара ұйымдастырылған. 11 саланы қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы әзірленген. Ал “Бизнеске жол” жобасы бойынша жыл басынан бері 700 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпкерлік мақсаттағы сауда нүктелерін беру мәселесіне зерделеу жұмыстарын жүргізу, тағы басқа мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, кезекті отырыста Шымкент қаласының білім саласында cапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева өткен жылғы жұмыстарды баяндады. Қоғамдық кеңес мүшелері жекеменшік мектептерде білім сапасын бақылау, департаменттің ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыныстарын айтты. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде. Топ құрамына Департамент пен білім басқармасының қызметкерлері, мемлекеттік кірістер, білім сапасын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлік, ішкі аудит, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің, жергілікті атқарушы органдар, «Әділдік жолы» РҚБ филиалының өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділері кірді. Жоспарланған жұмыс шеңберінде бюджеттеудің проблемалық мәселелері және оны игерудің ашықтығы зерделенетін болады. Талдау қорытындысы бойынша педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге, мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға және балаларды тамақтандыруға, мемлекеттік сатып алуды жүргізуге, жан басына шаққандағы қаржыландыруға қатысты бірқатар ұсыныстар берілетін болады.