1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында тарихи-өлкетану музейінде «Бірлігі бекем ел» атты іс-шара өтті.
Жас ұрпаққа патриотизмді, отансүйгіштікті, ынтымақтастықты, достықты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің мұғалімдері, студенттері және Шымкент қалалық түрлі этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.
Меркелік кеш барысында студенттер алдымен мұржай ішіндегі экспонаттармен танысып, әр түрлі ұлт өкілдерінің өнерін тамашалады. Халықтың өнері – рухани байлығының негізі. Жастарды өз ұлтының тілін, ділін, салт-дәстүрін сақтай отырып, өзге ұлттың рухани байлығын сыйлауға, құрметтеуге үйретуде мұндай іс-шаралардың маңызы зор.
Мерекелік кеште этнос өкілдері өздерінің шынайы тілектерін білдіріп, өз елімен мақтанатындарын атап өтті. Солардың бірі – бірі Корей этно-мәдени бірлестігінің мүшесі, №88 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тимур Андреевич Пак.
– Менің әжем репрессияға ұшыраған, көзі тірісінде ол Қазастанға келгенін, қазақ ұлтының қиын-қыстау заманда көмек бергенін кейінгі ұрпақтары білсін деп жиі әңгімелеген екен. Өзім кәріс ұлтынан болсам да өзімді қазақ сезінемін. Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқып, көптеген жарыстарға, жыр мүшәйраларына қатыстым. Үйде балаларымда қазақша сөйлейді. Туған жерім мен үшін ыстық әрі қымбат, – деді.
Сондай-ақ іс-шарада әжелеріміз бастаған өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды.
Айта кетейік, 1920 жылы ашылған өлкетану мұражайы Қазақстан Республикасындағы ең көне музейлердің бірі болып табылады. Қазір оның ғимаратында 88 мыңнан астам құнды экспонаттар бар, оларды келушілер 4 ірі көрме залында көре алады. Әр залдың палеонтологиясы бар, Қазақ хандығы мен Тәуелсіз Қазақстан тарихына бағытталған тақырыптары бар. Бұл жерде ғылыми-көпшілік бағыттағы мақалалар мен кітаптар жинақталған үлкен кітапхана орналасқан, сондай-ақ экскурсиялық және көрмелік қызмет көрсету департаменттері, археология және тарих қорлары кіретін 5 мамандандырылған бөлім жұмыс істейді.