Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкент: Бас дәрігер Бозарық тұрғындарымен кездесті

Шымкент: Бас дәрігер Бозарық тұрғындарымен кездесті

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек Бозарық шағынауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды didarbek.kz.

Қаланың бас дәрігері кездесуде жергілікті халықтың пікірін тыңдап, медицина саласындағы мәселелерін талқылады. Тұрғындар басқарма басшысына бейінді дәрігерлерге қаралу, дәрі дәрмекпен қамтамасыз ету және диагностикалық тексерілу сынды проблемаларын айтты. Сондай-ақ, басқарма басшысы Бозарықтағы дәрігерлік амбулаторияны аралап шықты. Аралау барысында Нұрлыбек Абибуллаұлы “Атамекен” медицина орталығына Бозарықтағы амбулаторияны бейінді дәрігерлермен қамтамасыз етуді және халықты тегін медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін ақпараттандыру жұмыстары бойынша жауаптыларға ескерту берді.

Кездесу барысында басқарма басшысы аталмыш орталық мамандарына медициналық көмек көрсетуде жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Кездесу соңында тұрғындарға қаланың бас дәрігері шағынауданда тағы медициналық ғимарат ашу және күндізгі стационардағы қызметті жандандыру қажеттілігін айтып өтті. Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар.

Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.

Пікір жазу