Биыл Шымкент қаласы Ынтымақ елдімекенінің көшелерін асфальттау 79 пайызға жеткізіледі, деп хабарлайды didarbek.kz. Шымкент қалалық Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағын ауданында бүгінде 9 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 2 600 жеке секторлы үй, 1 мектеп, 4 балабақша және 1 спорт алаңшасы орналасқан. Ынтымақтағы 67 көшенің қазір 39-ы асфальтталған, 24-і тас жол болса, төртеуі топырақ жол. 2025 жылға қарай шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Мәселен, өткен 2022 жылы Сызған, Аққамшы, Ақдидар, Мұхит, атауы жоқ 1,2,3 көшелері, яғни жеті көше жөнделген. Биыл Ақжұлдыз, Жібек жолы, Бозжусан, Жаңақұрылыс көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, көрсеткіш 79 пайызды қамтиды. Ал, 2024 жылы 10 көше, атап айтқанда Қорғанкөл, Белсаз, Берен, Шауғар, Көкжал, Шұбартау, Қыз Жібек, Шохбутова, Тайбурыл, Темірші көшелері асфальтталады деп күтілуде. 2025 жылы 6 көше — Қозыкөрпеш көшесінің біріншіден алтыншы өткеліне дейінгі аймақтары жөнделсе, асфальтталу жұмыстары 100 пайызға қамтылған болып саналады.
Сонымен қатар, биылғы жылы Кәдесый, Шерғала, Қорғанкөл, Ұшан, Жаңатілек көшелерімен бірге №54 мектепке баратын жол жарықтандырылады. Келесі жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аталған шағын аудан талшықты интернет оптикамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шағын ауданда №55, 12, 138, 55 А бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды. Жалпы Ынтымақ елдімекені 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен қамтылған. Айта кетейік, биыл Шымкентте жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2%-ға жеткізу жоспарлануда. Жалпы Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.