Шымкент қаласында 5 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты, деп хабарлайды didarbek.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді Жұмыс берушілер қала тұрғындарын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға қабылдайды. Жұмысшылардың еңбек ақысы бағдарлама талаптарына қарай мемлекет есебінен толығымен немесе ішінара төленеді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
Жалпы, жыл соңына дейін тағы 500-ден астам адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Жұмыссыз азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіне алады. Мамандар тиісті талаптар негізінде келісім-шарт түзілген мекемелердегі бос жұмыс орындарына жолдама береді. Айта кетейік, Шымкент қаласында 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қаулысына сәйкес, бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінгі күні 28 жұмыс беруші мекемеге 60 азамат жолданды. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту ісінде «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының үлесі орасан. Орталық мамандары ерекше азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында қызмет көрсетеді. «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының қызметкерлері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар, ақпараттық-консультациялық көмектер, құқықтық және психологиялық кеңестер береді. Сондай-ақ, инватакси және әлеуметтік такси қызметі бойынша өтінімдерді қабылдайды.