Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында мегаполистің жаңа Бас жоспары талқыланып, қабылданды, деп хабарлайды didarbek.kz.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаланың жаңа бас жоспарын дайындауда екі жыл бойы жұмыстар жүргізілген. 2035 жылға қарай қала халқы 1 млн 800 мың адамға жетеді деген жоспар бар. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Құжатта жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Депутаттар мегаполистің жаңа бас жоспарын мақұлдап, дауыс берді. Бас жоспар енді Үкіметке жолданып, арнайы қаулысы шыққан соң, құжат қабылданады. Бас жоспарды әзірлеуде тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үшінші мегаполисінің даму қажеттіліктері мен алдағы уақыттағы әлеуеттерін ескере отырып, қаланың бас жоспарын жаңарту бойынша тапсырма берген еді. Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі даму бас жоспары әзірлену барысында екі қоғамдық талқылау өткен болатын. Әр қоғамдық талқылауға бір ай уақыт белгіленді. Сәулетшілер мен қала халықы тарапынан 140-ға жуық сұрақтар мен ұсыныстар келіп түскен. Әрбір ұсыныстар мен сұрақтарға өз кезегінде жобалаушы мекеме тиісті заңдылықтарға сәйкес жауап берілді. Сондай-ақ, қала тұрғындарының тарапынан Бозарық шағын ауданының аумағынан темір жол салу туралы ұсыныс түскен болатын.
Алайда бұл арнайы мамандардың және жобалаушы мекеменің жүргізген зерттеуінің нәтижесінде қалаға экономикалық тұрғыдан тиімісіз екені нақтыланды. Сол себепті қолда бар ресурстарды пайдалану мақсатында бас жоспарға темір жолды аэропорт ауданының аумағынан салу тиімді деп жоспарлануда. Бұған қаланың тұрғындары да дұрыс деген ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, 116 280 гектар үлкен аумаққа заманауи топографиялық карта жасалып, 25 қабаттан тұратын векторлық форматқа түсірілді. Қаладағы қазіргі баспана қорының жағдайына барлық сипаттама бойынша терең талдау жасалды, 275 жер-кадастрлық учаске бойынша халықтың қоныстануы, әлеуметтік мәдениет нысандары және басқа да көрсеткіштер зерттелді. Шаһардың басты көлік күретамырын құрайтын негізгі көшелер мен жолдардың сызбасы әзірленді.