Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ЖОЛДАУДА ЗИЯНДЫ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА 55 ЖАСТАН БАСТАП АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТӨЛЕНЕТІНІ АЙТЫЛДЫ

ЖОЛДАУДА ЗИЯНДЫ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА 55 ЖАСТАН БАСТАП АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТӨЛЕНЕТІНІ АЙТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында ел дамуының болашағы қатысты өзекті мәселелерді орынды көтерді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасауда инфрақұрылымды жақсарту, су жүйесіне реформа жасау және мықты өнеркәсіптік негізді қалыптастыруда нақты тапсырмалар жүктеді. Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек, деген Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста ауыл шаруашылығы саласында серпіліс жасауды шаруалар ғылымдармен бірлесе әрекет ету қажет. Себебі инновациялық амал-тәсілдер ғана табысқа жеткізетінін уақыт көрсетіп отыр. Сонда ғана алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізе аламыз.
Президент тапсырма бергендей Су ресурстары және ирригация, Көлік министрліктері құрылса, «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру еліміздегі бірқатар көтеріліп жүрген проблемалардың шешімін табуына ықпал ететіне сенім мол.
Сонымен қатар Жолдауда аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру, жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру жөніндегі айтылған тапсырмалар мегаполистердің дамуында өз ықпалын тигізеді.
Тағы бір айтылған сөз, еліміз үшін соңғы жылдары қоғамдағы жағымсыз жағдайлар – зорлық-зомбылық жағдаяты.
–Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек, – деп нақты тапсырма жүктеді.
Жас ұрпақтың болашағы – еліміздің болашағы. Бұл мәселеге қатысты жазаны күшейту бойынша берілген тапсырма уақытында орындалғанда ғана халық әділ заңға сенім артады.
Халық арасында бұрыннан талқыланып жүрген мәселенің бірі – зиынды еңбек жағдайындағы жұмысшылардың денсаулық мәселесі-тін. Оның шешімі табылатынына шын мәнінде қуаныштымыз. Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт қызмет еткендерді әлеуметтік қолдау тетігі әзірленгенін жеткізді.
–Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президенті айтқандай, алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Бауыржан ӘЛТЕЕВ, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы,
Ұлттық Құрылтай мүшесі, Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Пікір жазу