Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Ауызбіршіліктері мығым, тірліктері тиянақты

Ауызбіршіліктері мығым, тірліктері тиянақты

Сайрам ауданы, Арыс ауылдық округінің он бір мыңнан аса тұрғыны негізінен мал өсірумен және диқаншылықпен айналысады. Қазақ, орыс, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан, ұйғыр ұлттарынан құралған ауылдың ауызбіршілігі мығым, тірлігі тиянақты. Ауылда тойхана, тамақтандыру орындары, шаштараз, әсемдік салондары мен мал азығын сататын орындар жұмыс істеп тұр.  Дүкендерде азық-түлік, кеңсе заттары, автобөлшектерден бастап, электронды тұрмыстық техникаларға дейін табылады. Дәрігерлік амбулатория мен емхана, мектептер мен балабақшалар, Мәдениет үйі, кітапхана мен спорт мектебі, учаскелік полиция пункті, ветеринарлық пункт,  пошта қызметі ел игілігі үшін жұмыс істеуде. Ауыл түгелге жуық табиғи газбен қамтамасыз етілген. Тұрғындар сиыр, жылқы, қой-ешкі асырап, бидай, мақсары, жоңышқа мен түрлі көкөністер егеді. Егінге су керек екені айтпаса да түсінікті. Ауылда бұл мәселе оң шешімін тапқан. Арыс ауылы ағын су келетін «Бөкенбай» каналын асарлатып тазалап алған. Сондай-ақ, бір су ұңғысы арқылы 357 тұрғын үйді ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр Нұржанқорған елді мекенінен жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, су ұңғысы қазылған. Бүгінде Қожақорған, Нұржанқорған елді мекендерінің ауыз сумен қамту желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
– Ауыл тұрғындары еңбекқор әрі мейірімді. Шетінен адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген, даланың жалпақ жотасына мал жайып, жер төсін еміп жүрген шаруа жандар. Жайылымдық, егістік жерден ешқандай проблема жоқ. Арыс ауылдық округі бойынша 109,42 га. жайылым толығымен мемлекеттік меншікке өткізіліп, мемлекеттік акт алынған.
Мейірімді дегеннен шығады, ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті көмек көрсетіліп тұрады. Оларға демеушілер тарапынан қысқы отын, азық-түлік, оқу құралдары және қаржылай көмек беріледі. Екі отбасыға «көгілдір отын» қосып беріп, құжаттары заңдастырылған. Одан бөлек мемлекет тарапынан жәрдемақылар мен «әлеуметтік пакеттер» алып отырады, – дейді ауыл әкімі Музаффар Сиддиков.
Арыс ауылдық округінде көшелерді жарықтандыру, жолдарға асфальт төсеу, құрылыс жұмыстары, елді мекендерді көріктендіру және санитарлық тазалық жұмыстары, көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналарын тазалау жұмыстары бір сәтке де босаңсыған емес. Сондай-ақ, ауылдағы 101  кәсіпкерлік нысан 303  адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр ауылдың жылдық табысы жоспар бойынша 73 млн. 660 мың теңге болса, орындалуы 79 млн. 178 мың 670 теңгені құрап,  5 млн. 527 мың 670 теңгені артық тапқан. Жер, мүлік және көлік салығынан 17 млн. 575 мың 351 теңге түскен. Әрине, бұл табыстың барлығы қоғамдық келісім мен татулықтың, адалдық пен еңбекқорлықтың арқасында келіп отыр. Бірлік бар жерде тірлік болатынын арыстықтар терең ұғынып алған.
– Ел іші болған соң түсініспеушілік болмай, тұрмайды. Ауылымыздың Абдусалом Тажиев, Аманкелді Сәуірбаев, Акбар Исламов сынды тәжірибелі медиаторлары ақсақалдармен бірлесіп, ұсақ-түйек кикілжіңдерді татуластырып жібереді.
Сондай-ақ, жастар арасындағы тәрбиеге де қатаң көңіл аударып отырамыз. Ауылдағы бес мыңға жуық жастың тәрбиесін қадағалап отыру басты міндетіміз. Бүгінде ауылымызда екі полиция инспекторы мен 10 адамнан құралған қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарынан арнайы топ құрылып, рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрамыз, – деді ауыл әкімі.
П.САПАР.

Пікір жазу