Сайрам ауданының әкімінің кезекті аралауы Қарасу ауылдық округінде өтті. Аралау кезінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп салу және жаңа медициналық нысан, сонымен қатар инфрақұрылым жүйелері жүргізілетін құрылыс жобалары, ағын су және заңсыз берілген жер телімдеріне қатысты өзекті мәселелермен танысты.
Қарасу ауылындағы су тасуы ықтимал ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын «Қарасу-Ақбай» ағын су каналын күрделі жөндеуден өткізуге 400 млн. аса қаражат қаралған. Оның ішінде ағымдағы жылы 125 млн. теңгеге жуық қаржысы берілді. Ауыспалы нысан болғандықтан, құрылыс жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында басталып, келесі жылға аяқталуы жоспарлануда. Қазіргі таңда каналдың тазалығын және ағын судың ағымын реттеуді «Ақсу» МКК-нің директоры Ә.Қалмұратовқа тапсырды.
Бұдан кейін, аудан басшысы Қарасу ауылында заманауи талаптарға сай келмейтін ауылдық амбулаториясында болды. «Қарасу» бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтарына халық санының өсуіне байланысты жаңа типтік ғимарат құрылысын қажет ететіні түсіндірілді. Жер телімі бөлінген. Сәулет жобалық тапсырысы рәсімделген. Құрылысын жүргізуге жобалық сметалық құжат дайындауға ұсыныс берілген.
Қарасу ауылындағы 106 га құрайтын Жаңақұрылыс аумағында ауыз су, газ, электр жарығымен қамтамасыз етуге жоғарғы бюджеттен қаржылар қаралып, мердігерлер анықталған. Биылғы жылдың маусым айында ауыз су жүйелерінің құрылыстары басталады. Ауыз су құрылыстары 2 жоба арқылы өтеді. Нақты айтқанда, «Қарасу ауылындағы, Жаңақұрылыс көшесінің бойында 50,0 га аумақта инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы (сумен қамтамасыз ету)» сметалық құны 206 608,0 мың теңге, «Қарасу ауылындағы, Жаңақұрылыс көшесінің бойында 56,2 га аумақта инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы (сумен қамтамасыз ету)» сметалық құны 245 763,0 мың теңге қарастырылған. Жобаға сәйкес, жүргізілетін құрылыс жұмыстарының ұзақтылығы 5 айға жоспарланған.
Ақбай ауылында заңсыз таратылған 50 га жер телімдерін заң аясында қайтару және заңсыз салынған тұрғын үй құрылыстарын тоқтату бойынша тапсырма жүктелді.
Арман Сәбитұлы жаңақұрылыс аумағына мектепке баратын бала санының артуына байланысты, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептің сыйымдылығы 600 орындықтан 1200 орындыққа ауыстыру жолдарын қарастыруды ұсынды.
Аралауда аудан әкімінің орынбасарлары М.Оразалиев және Ш.Убайдуллаев, аудан әкімінің кеңесшісі Р.Есполай, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары, ауылдық округінің әкімі Д.Сыдықовтар болды.