Барлық ауыл округі әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы ауыл әкімі мен қызметкерлері аудан басшысының қабылдауында болып жатыр. Негізінен бюджеттің тиімді жоспарлануы мен өзекті мәселелердің шешілу мәселесіне баса назар аударып жатқан аудан әкімі Арман Сәбитов кезекті Жібек жолы ауыл округіндегі маңызды мәселелерге тоқталып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Әсіресе, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие беру бойынша округтегі жұмыстың нашар жүргізіліп жатқандығын айтқан аудан басшысы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Кабинеттен шығып, тұрғындармен жиі кездесіп тұру керек. Проблемаларды көзбен көріп, басында талқылау тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – кез-келген мәселенің шешу жолы мен оның мерзімі жайында нақты айтқан жөн. Тұрғындар ашық сөйлескен кезде ғана түсінікпен қарайды»,-деді аудан әкімі А.Сәбитұлы.
Одан бөлек, ауыл округіндегі қаншама уақыттан бері жиі көтеріліп келе жатқан ауыз су мәселесі, Бөкейхан ЖОМ қосымша оқу ғимаратын салу, трансформатор орнатып, бағаналарды ауыстыру сынды мәселелердің де шешу жолдары талқыланды.