Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМ: ШҰБАЛШАҢ ӨСІРУДІҢ ШЕБЕРІ

САЙРАМ: ШҰБАЛШАҢ ӨСІРУДІҢ ШЕБЕРІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса мән бере отырып, «Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдану қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн», — деп аатап айтқан болатын.
Кәсіп бар жерде нәсіп бар. Қазіргі таңда үкіметке алақан жаймай өз күнін өзі көріп, шаруасын дөңгелетіп жүрген жандар арамызда жетерлік. Әсіресе ауылдың шаруаға бейім халқы егін егіп, мал өсіріп, басқа да кәсіп түрлерімен айналысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Солардың бірі Сайрам ауданы Қарасу ауылы, Ынтымақ елді мекенінің тұрғыны Ертай Төленов екі жылдан бері калифорниялық шұбалшаң өсірумен айналысып келеді.
Егістіктің 90 пайызы дәрімен өсірілетін заманда табиғи таза өнім табу қиынның қиыны. Ал, шұбалшаң арқылы топырақты табиғи жолмен құнарландыру — таптырмас тәсіл. Ертай Төленов шылаушынның ластанған табиғатқа пайдасы орасан екенін айтады. «Шұбалшаң аса бір күтімді қажет етпейтін, әрі тез көбейетін бауырымен жорғалағыштың бір түрі. Төрт түлік малдың қиын тастап қойсаңыз бір айдың ішінде шұбалшаңдар оны өңдеп шығады. Қазір бұрынғыдай тезек шығарып, оны қоқысқа тастап, ауаны ластамайтын болдық. Қорадан шыққан малдардың қиын кәдеге жаратып жатырмыз. Шұбалшаңдар оны жеп биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Шылаушындар суыққа төзімді болғанымен ыстық ауа райында кеуіп өліп қалуы мүмкін. Олар ылғалды жақсы көреді, сол себепті күнде үстіне су шашып тұрамын» дейді кәсіпкер. Өкінішке орай біздегі несібесін жерден тапқан диқандар тыңайтқыштың қыр-сырын әлі түсіне алмаған сияқты. Сол себепті шығар, көбісі тыңайтқыш туралы айта бастасаң қолын бір сілтейді. Жер тұзданып, құрғаса осы тыңайтқыш себіледі. Жер тыңайып, топырақ құнарланып, өнім молаяды. Бастапқыда 1 шаршы метрді құртпен бастаған кәсіпкер кейін оны 200 шаршы метрге жеткізгенін айтады.
— Шұбалшаңдардың 1 шаршы метрі қымбат бағаланады. Биотыңайтқыштың сұйық түрін де дайындауға болады. Оны әзірге өзім тәжірибеден өткізіп жатырмын,- дейді Ертай Төленов. Кәсіпкер шұбалшаң өсіруден бөлек, 10 сиыр бағып отыр. Сиырларын сауып, «Эмир» сүт өңдеу зауытына күніне 135 литр сүт өткізеді. Одан бөлек 100-ден астам бройлер тауығын асырап отыр. Біреуі 3 келідей ет беретін тауықтан да пайда көп екен. Айтпақшы, Ертай Төленовтың өзінің кішігірім егіс алқабы бар. Жыл сайын бидай, жоңышқа егіп, мал азығын өзі дайындайды. «Егістікке арналған жерге мезгілінде тыңайған топырақ сеуіп, жерімді дайындап алып егемін. Өнім көлемі көңіл қуантады», — дейді. Жігіт ағасы кәсібі үшін мемлекеттен ешқандай көмек алмаған. «Құдай қуат берсін» деген қанағатшылдың өзі.
С.АБЫЛБЕКОВА.

Пікір жазу