Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылдық округінде қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Қай салада болмасын ілгерілеушілігімен көзге түсіп, мол табысқа қол жеткізіп отырған ауылдық округ өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандағы «Алтын күз – 2022» мерекесінде «Озат ауыл округі» деп танылып, бірінші орынды жеңіп алды.
Мұндағы Қақпақ, Заңғар, Сырлысай елді мекендерінде жалпы жеті мыңнан астам халық тұрады. Үш жалпы орта білім беретін мектеп, бір мәдениет үйі, екі мешіт, үш балабақша, үш фельдшерлік пункт, күндізгі стационар ел игілігіне қызмет етеді.
Ауыл әкімі Мақсат Зайтовтың айтуынша, тұрғындар табиғи газ тұтынуды көптен бері армандап жүрген екен. Таяуда сол армандары орындалып, бүгінде жеті жүзге жуық отбасы «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. «Біздегі әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі біраздан бері айтылып жүрген еді. Қазір ауылдардың ішкі көшелеріне газ құбырлары тартылып, Қақпақтан – 560, Заңғардан – 80, Сырлысайдан 72 үй газ жүйесіне қосылды. Сондай-ақ, электр бағаналарын жаңалау да қатар атқарылып, 126085,5 мың теңгенің жұмысын мердігер «Еділ Строй» ЖШС дер кезінде бітіріп берді. Білім ошақтары жаңа ғимараттармен толығуда. Сырлысай елді мекеніндегі 200 орынды мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 561961 миллион теңге қаралып, құрылысты «ALTYN LTD» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал, «Ынтымық» өндірістік кооперативі өз қаржысы есебінен 700 миллион теңгеге Заңғар елді мекенінен гидроэлектрстанса салу жұмыстарын қолға алды» дейді ауыл әкімі Мақсат Зайтов.
Мұнда жолдар да жөнделіп жатыр. Атап айтсақ, Сырлысай елді мекенінің жеті көшесіне, Заңғар елді мекенінің бес көшесіне шағал төселген. Оны «Андас Груп» пен «СК АЙБАР» серіктестіктері жүргізген. Ал, «Аша-А» ЖШС Қақпақ елді мекенінде 11,1 шақырымды құрайтын электр желілерін жаңартып жатыр.
Облыстық маңызы бар «Айнатас–Қақпақ» автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 621107 миллион теңге қаралып, мердігер «Базис-К» ЖШС жолды орта жөндеуден өткізуде. Жолдары жөнделіп, көшелері жарықтандырылып жатқан ауылдар күн өткен сайын көбеюде. Бүгінде Қақпақтағы орталық көшеге аспалы шамдар ілініп, түнде самаладай жарқырап тұрады.
Қақпақ ауылының тұрғындары қайырымдылық іс-шараларынан да тыс қалмайды. Осы ауылдағы Ағайдаровтар отбасына Мамытбаевтар әулеті демеушілік жасап, жаңа үй салып бергенін де ерекше айта кетуге тиіспіз. Сондай-ақ, әжелер алқасының төрайымы Ұлбосын Сәрсенбаеваның ұйымдастыруымен демеушілер Мадияр Шайназаровтың үйінің шатырын жаңалап, Тағай Бөрібековтің үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді.
Елдің өсіп-өнуіне ауыл кәсіпкерлерінің ықпалы зор. Шағын және орта бизнес қаншалықты дұрыс жолға қойылса, ол ауылдың дамуы да соншалықты қарқын алады. Бұл тұрғыдан алғанда, қақпақтықтардың есебі түгел. Дәлірек айтсақ, ауыл округінде бір жылда бес-алты бизнес нысандары бой көтеріп, өз жұмыстарын бастаған. Ауыл әкімінің сөзімен айтсақ, Қазығұрт ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларын дамыту үшін 2022 жылы Қақпақ ауылдық округі көлемінде үш жақты келісімнің орындалуы да көңілден шығып отыр. «Біздің ауыл округі бойынша өткен жылы бес шағын жоба іске қосылды. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Құндызай Құрбанова асхананы іске қосса, Жадыра Әмірбекова мен Ильяс Мошқалов азық-түлік дүкенін, Әділхан Дауеев мал бордақылау алаңын, ал, Алдияр Әкімбаев тіс емханасын ашты. Мұның өзі бір округ үшін үлкен жетістік» деді әкім.
Әкімнің айтуынша, мұндағы ірі өндіріс орындары да жыл өткен сайын өркендеп, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Соның ішінде «Қарқын– 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Шұжық өндіретін бұл серіктестік бір жылда 7130 тонна өнім дайындаған. Табиғи газ тұтына бастаған ауыл тұрғындары енді шағын және орта бизнес саласы бойынша да біраз жобаларды қолға алмақшы. Өйткені, өндіріс орындарын іске қосу үшін аймақтың индустриалдық мүмкіндіктері де зор маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда табиғи газ тұтына бастаған округтің бизнестік әлеуеті де арта түседі деген болжам бар.
А.Бермұханова