Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына көрсеткен қолдауының арқасында өңірлерде заманауи талапқа сай білім беру мекемелері мен жаңа ғимараттар көптеп салынуда. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына облыста қолайлы жағдай жасалған.
Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудандағы алғашқы «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім нысаны STEAM жүйесі арқылы оқытылады. Бұл — қоғамға қызмет ету арқылы қоршаған ортаны аялайтын көшбасшылар, жас ғалымдар мен талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдіс. Мұндай тәсілмен мектептерде ұжымда немесе жеке жұмыс жасауды, қарым-қатынас жасауды, ойлаудың түрлі әдістерін қолдануды үйренуге мүмкіндік беріледі. Өмірде пайдалы болатын білім ең құнды.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Арман Сәбитов қатысып, жаңа білім ордасының лентасын қиды. Аталған оқу орнында аудан оқушыларынан бөлек еліміздің түпкір-түпкірінен оқушылар келіп білім алады. 600 орындық мектепте 300 оқушы бар. 37 педагог жұмыс істейді.
Білім нысанында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық мүмкіндіктері бар. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында арнайы видеокамералар мен Face ID орнатылған.
Барлық оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылатын болады. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 7 жекеменшік мектеп ашылу жоспарланса, оның 6 мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.
Кентау қаласында бүгін «Дин-Асыл» бастауыш зияткерлік білім ошағы ашылды. Мектептің сыйымдылығы 200 оқушыны қамтиды. Бүгінгі таңда 150-ге жуық бала қабылданып үлгерген. Оқу орны жекеменшік болғанымен балаларға тегін білім берілмек. Үш мезгіл тамақ та қарастырылған.
Жаңа бастауыш оқу орнының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ата-аналар мен оқушыларды, ұстаздарды құттықтап, сәттілік тіледі.
Жалпы мектепте 10 бастауыш сыныбы ашылған. Сабақ уақыты таңғы 8:00 бен кешкі 17:00 аралығында. Мектепте дзюдо, футбол, би,ән, домбыра, робототехника және гимнастика үйірмелері бар. Түстен кейінгі уақытта оқушылар үй тапсырмаларын орындап, үйірмелерге қатысады.
Мектепте оқушыларды қала бойынша тасымалдау қызметі де бар. Білім ордасы соңғы заманауи үлгіде бой көтеріп, оқуға қажетті барлық жабдықтармен қамтылған.
Сауран ауданы Иассы ауыл округінде екі мектеп ашылды. Оның бірі жекеменшік «TORONTO» мектебі. Еңбекші диқан ауылында ашылған мектептің жобасына жеке кәсіпкер Д.Имамалиев 350 млн теңге қаржы жұмсаған. Мектеп 260 орынға арналған. Білім күнінде 83 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оқу орнында 16 сынып бар. Жалпы 10 адам жұмыспен қамтылған. Мектеп таңертеңгі 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Таңертең сабақ оқытылып, түстен кейін қосымша сабақтар мен үйірмелер өтеді.
Сондай-ақ, аталған ауылда ашылған екінші жекеменшік «Aqorda» мектебі. Жоба құны 250 млн.теңге. Оқу орны 220 балаға шақталып салынған. Бүгін бұл мектептің табалдырығын 30 оқушы аттады.
Түркістан облысында жаңа мектептер оқушылар қабылдады. Соның бірі Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіне қарасты Дербес елді мекенінде 300 орындық білім ұясы пайдалануға берілді
С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Талғатұлы, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Құрманбекұлы қатысып, құттықтау білдірді. Содан соң қонақтар оқу ғимаратының лентасын қиып, оқушылардың алдағы білім сапарына сәттілік тіледі.
Жалпы мемлекеттік меншіктегі С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы 2021 жылы басталған еді. 3 қабатты сәулетті білім беру мекемесінде асхана, спорт зал, химия, биология, интернет, компьютер бөлмесі мен оқу залы, шет тілі пәндеріне арналған кеңселер бар. Бөлме іші соңғы үлгідегі құралдармен толық жабдықталған.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Ордабасы ауданы бойынша білім беретін 72 мектеп бар. Оның ішінде 66 мемлекеттік, 6 жеке меншік мектеп. Жалпы 37 149 оқушының 3 405-і бірінші сыныпқа қабылданып, әліппемен таныспақ. Сондай-ақ жалпы ауданда 3 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта 2 жалпы орта мектептің оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдары аралығында ауданда 5 мектеп құрылысы салынады.
Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы №6 білім ұясы айдалануға берілді. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев және жауапты сала басшылары қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.
Оқу ордасы 200 орындық. Онда тігін және еңбек шеберханасы, акт және спорт залы, асхана бар. Сынып бөлмелері барлық талапқа сай және толық материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.
Салтанатты жиында ата-аналар атынан ардагер ұстаздар мерекелік лебізін жеткізді.
Айта кетейік, Төлеби ауданында 68 мектеп бар. Білім ордаларында 28 мыңға жуық оқушы білім алса, оның 3 мыңға жуығы 1 — сыныпқа қадам басты.
Шардара қаласынан жекеменшік «iBilim» мектебі ашылды. Салтанатты жиынға аудан басшысы Қайрат Жолдыбай арнайы қатысып, білім ордасының ашылуына атсалысқан барша азаматтарды құттықтады.
«IBilim high school» (Айбілім Хай Скул) – жоғарғы сыныптарға арналған заманауи мектеп. 2018 жылдан бері Шардара қаласында мектеп оқушыларына дайындық курсы ретінде негізі қаланған білім ұясы күні бүгінге дейін тұрақты түрде жұмыс атқаруда.
Бұл курстың алғаш рет жұмыс бастауына мемлекеттің қолдауымен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша 3000000 теңге қайтарымсыз грант алуына себепкер болған. Ол қаражат қажетті құрал-жабдықтар мен оқу құралдарын алуға жұмсалған.
Аталған 5 жыл ішінде 2000-ға жуық оқушыны оқытып, олардың 90%-ы яғни, 1800 оқушының грантқа түсуіне септігін тигізіп отыр. Енді осы 2023-2024 оқу жылынан бастап IBilim High School мектебі мемлекеттік стандарттарға сәйкес, мектеп бітіруші түлектерге аттестат беретін, барлық талаптарға сай келетін жеке меншік мектеп ретінде тіркеліп, жұмысын жалғастыруда.
Мектептің ғимараты мен ішкі жиһаздары жеке инвесторлардың есебінен қарастырылған. Ғимараттың іші-сырты толығымен күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи талаптарға сәйкес стандартталған. Білім ордасынан айналатын ғимаратқа жеке инвесторлар есебінен 120 млн. теңгеден астам қаражат тартылған.
Компания бүгінде 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 18 жоғары санатты білікті мұғалімдер болса, қалғаны – мектеп әкімшілігіне жауапты қызметкерлер мен техникалық персоналдар.
Сарыағаш ауданында заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп ашылды.
Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы барлық жағдай жасалған. Мектептегі су мен жылу және санитарлық құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында спорт залы, кітапхана, оқу залы бар. Сондай-ақ, химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған.
Одан бөлек, тігін үйірмесіне толықтай жабдықталған бөлме, кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Сонымен қатар, өртке қарсы дабылқаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған.
Арыс қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының қосымша 200 орындық жаңа оқу корпусы ашылды. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арнайы қатысып, оқушыларға ыстық лебізін жеткізді.
«Қазіргі таңда, әкімдік тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Сіздер білім алатын М.Әуезов мектебіне 200 орындық қосымша корпустың пайдалануға берілуі соның айғағы. Биыл қаламызда жаңадан үш мектептің құрылысы басталды. Бастауыш сыныпта оқитын 6826 оқушы 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болады. Оқушыларымыз жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаудың арқасында жарқын жетістіктерге жетіп, жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, 955 оқушы білім алатын М.Әуезов атындағы мектепте 95 ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 72 оқушы осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттады. Оқушы саны артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 200 орындық жаңа оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеттері жаңа парталармен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.