Мектеп… Осы бір сөзде үлкен мән-мағына бар. Осы бір сөзден біздің бүкіл өміріміздің алғашқы баспалдақтары басталады… Кімге де болса он бір жыл білім берген, адалдыққа, кішіпейілдікке, мәдениетке үйреткен, болашаққа жолдама беретін алтын ұя мектебі қымбат… Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттері ретінде балалық балдәурені мен мектептегі оқушылық кезеңін еш уақытта есінен шығармасы айдан анық.
Бастауыш кәсіподақ – әрбір еңбек ұжымы үшін сол саланың кәсіби мамандарына құқықтық қолдау мен көмек көрсетіп, қамқорлық жасайтын және рухани, материалдық тұрғыдан салмағы бар қоғамдық бірлестік. Белгілі мақсат пен мүдде аясында жоспарлы жұмысты жүйелі жүргізуге ниетті азаматтардың күш-жігері мен игілікті ісін ерікті түрде бір орталыққа жұмылдыратын ұйым — жергілікті өңірде атқарылатын ұжымдық қызметті ұтымды ұйымдастырушы саналады.
Демек қарапайым қызметкерлер мен жұмыскерлердің жанашыры, халық қызметшісі болғандықтан білім беру мекемесіндегі ресми түрде бекітілген іс-шараларды көзделген деңгейде үйлестіруге үлес қосады. Кез-келген салалық кәсіподақ ұйымының жұмыс тәжірибесінде ұжым белсенділігінің мәні мен маңызы зор. Сондықтан әрбір кәсіподақ ұйымы мүшесі тарапынан жүргізілген жұмыс нәтижесі лайықты бағаланады және олардың жемісті жетістіктері қымбат әрі құнды.
Біздің мектептегі дара бастауыш кәсіподақ ұйымында 210 адам бар. Бір жүз сексен екісі жоғары білімді мұғалім және 28-і кіші қызметкерлер. Тәжірибелі төрағаның жетекшілігімен кәсіподақ мүшелері жыл сайынға Наурыз мейрамы, Халықаралық әйелдер мерекесі, Алғыс айту мен Отан қорғаушылар, Қарттар мен Мұғалімдер күнін, Жаңа жылға қоса түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, әріптестерге осы мерекелік басқосу барысында лайықты сый-құрмет жасалуда.
АБДУРАИМОВ Бахтияр Кахарович, 1970 жылғы наурыз айының 12-і күні Түркістан қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Хамза мектебіне бірінші сыныпқа қабылданып, 1987 жылы бітірген. Өзбекстан Республикасындағы Мемлекеттік дене шынықтыру институтына жас түлек ретінде таңдаған мамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғары оқу орнын 1992 жылы бітіріп шыққан. Сол уақыттан бері көне білім ордасы Хамза мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімі, 1996 жылдан бастап бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді.
Ол ұйымшыл ұстаздар ұжымының ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға үнемі көмектесіп отырады. Өзінің білімділігімен, іскерлігімен, қарапайымдылығымен ерекшеленіп, түрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізген. “ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері” атағы мен “Ы.Алтинсарин” төс белгісі бар. Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы “Сала қызметкерлерінің кәсіподағна айрықша еңбегі үшін” белгісі, бейіндік ведомстваның Алғыс хаты табысталған.
Бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің бірлескен шешіміне байланысты көптеген әріптестеріміз түрлі деңгейдегі марапаттауларға ұсынылып, ерен еңбектері мен қажырлы қызметтері еленіп келеді. 2021-2022 оқу жылында он сегіз, 2022-2023 оқу жылында 26 қызметкерге 50-90 пайыз жеңілдікпен шипажайларға жолдама берілді. Денсаулығына байланысты ота жасалған азаматтарға үнемі материалдық көмек көрсетіледі. Өткен оқу жылында жүзден астам қызметкерге кәсіподақ сұранысы бойынша салалық министрлік, республикалық, облыстық, қалалық кәсіподақ және білім бөлімдерінің төсбелгі және грамоталары табысталды.
Кәсіподақ ұйымы әлеуметтік әріптестікте тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Осы орайда әр жұмыс күндері әлеуметтік желілер арқылы қызметкерлерге кәсіподақтың тыныс тіршілігінен жедел ақпараттар беріліп, құқықтық негіздегі құнды мәліметтер жарияланады. Кәсіподақ ұйымына еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек кауіпсіздігі және басқа да өзекті де әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын табу үшін көп ізденіс қажет. Ұйым халыққа қызмет көрсету орталығымен, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау инспекциясымен, құқықты қорғау инспекциясымен, жергілікті әкімшілікпен, денсаулықты сақтау қызметімен, санитарлы эпидемиялық станциясымен, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен берік байланыс орнатқан.
Кәсіподақ ұйымының жұмыс тәжірибесіндегі ең қуатты құрал – бұл ұжымдық шарт. Әлеуметтік еңбек қатынастары мәселелерінің басым бөлігі ұжымдық шарттар арқылы реттеледі. Еңбек қатынастарына байланысты қарым – қатынастарды реттеп отыруда ұжымдық шарттың мәні ерекше. Республикалық деңгейдегі іргелі қоғамдық бірлестіктің аймақтар мен аудан және жергілікті білім беру мекемелеріндегі барлық ұйымның жұмысын ақпараттандыру заман талабына сай нақты жолға қойылған. Сондықтан атқарылған істердің нәтижелерін әрбір қызметкер ресми сайттар мен чат парақшаларынан уақытылы оқып, жылдам танысуына мүмкіндік бар.
Ұйымның жұмысын жандандыруда ұйым мүшелерінің жағдайын сараптау мақсатында жаңа әдістерді қолданып, сауалнама, сұхбат алу, дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Құрметті еңбек демалысындағы аға буын ардагерлердің тағылымды тәжірибесін жас мамандарға үлгі-өнеге ретінде ұсынуға бағытталған жүздесулердің орны бөлек. Сонымен қатар оларға Алғыс айту және қарттар күнінде және басқа да мерекелерге орай түрлі марапаттар жасалады. Соңғы үш жылда мұғалім мамандығындағы және кіші қызметтерді атқарған алты адамды зейнет жасына толуына байланысты құрметті еңбек демалысына сый-құрметпен шығарып салдық.
Қорыта келгенде еңбекке қабілеті бар әрбір азаматтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарған кезде әрбір адамның өнімді еңбек жасауға қабілет-қарымы артып, ертеңгі жақсы күндерге ішкі сенім мен үміт пайда болатындығы даусыз. Бұл құлшыныс тапсырылған міндет пен жүктелген жұмысты шығармашылықпен тыңғылықты әрі сапалы атқаруына алып келеді. Біздің ұстаздар ұжымындағы бастауыш кәсіподақтың әрбір мүшесі осы мақсатқа сай жұмыла жұмыс жасауда.
Сөз соңында, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Мұқашева Айгүл Мақсатқызына, осы салалық кәсіподақтың Түркістан облысындағы жергілікті қоғамдық бірлестіктің төрағасы Шайдулла Жандосқа, осы салалық кәсіподақтың Түркістан қалалық кеңесінің төрайымы Турманова Диана Абайқызына барлық өңірдегі бастауыш ұйымдарының бірі ретінде біздің білім шаңырағындағы кәсіподақ ұйымының мүшелеріне жан-жақты құқықтық қолдау мен көмек қаржылық көрсетіп, басым бағыттар бойынша ақыл-кеңестерін аямайтындықтары үшін алғыс айтып, ризашылығымызды жеткіземіз.
Зулфия Расуловна ГАФУРОВА,
Хамза атындағы N2 жалпы білім беретін
мектеп директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары, Түркістан облысы,
Түркістан қаласы