Келес ауданында «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 5 мектеп салынады. Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтың ауданға жасаған сапарында баяндалды. Ол ауданды аралау барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан мектептерге барды. Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев басқарма төрағасына мектептердің құрылысына қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Сапар барысында алдымен Ақтөбе ауылдық округінің Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі 600 орындық мектебінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының іргетасы қалануда. Басқарма төрағасы мердігер мекеменің басшылығына құрылыс сапасын басты назарда ұстауды тапсырды.
– Мектептердің құрылысы толыққанды аяқталған соң пайдалануға берілуі тиіс. Құрылыс та, жабдықтау да сапалы жүргізілуі керек. «Қазақтелеком» АҚ мекемесі арқылы құрылыс нысандарына интернет желісі тартылады. Бұл арқылы біз арнайы платформаны іске қосамыз. Нәтижесінде құрылыс сапасы сынды көптеген ақпараттарды тікелей бақылауға мүмкіндік туындайды, – деді Мәулен Айманбетов.
Басқарма төрағасы мен аудан әкімі «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында салынып жатқан Абай ауылындағы 600 орындық мектеп алаңына барып, мердігерге құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес өз мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Келес ауданында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Олардың үшеуінде биыл құрылыс жұмыстары басталса, келесі жылы Жуантөбе және Ескіқорған ауылдарында жаңа білім ошақтарының құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.