Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылық алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Осы орайда Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасы негізінде Жетісай ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің, аудан прокуратурасы мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Қауіпсіз қоғамдағы жастардың келбеті» атты аудандық жастар форумы болып өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «РосАзияНефть» ЖШС құрылтайшысы Талғат Қаржауов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, аудандағы арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен ұстаздары, Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы мен ардагерлер қатысты.
Еркін форматта өткен форум барысында аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров балалар мен жасөспірімдер, жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа, кемсітушілікке жол бермеу, әлеуметтік желі арқылы буллинг жасамау, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып сапалы білім алу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
«Кәмелетке толмаған жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей, не жанама көздейтін құқықтық актілердің жүзеге асуын аға буын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бүгінгі жиын тек формальды түрде ғана емес, сіз бен біздің ашық пікір алмасуымыздан тұруы тиіс.
Заман көшіне ілесіп өмір сүру үшін тынымсыз ізденіс пен білім керек. Өйткені, біз өмір сүріп отырған қоғам – үнемі үдерістер мен технологиялар қоғамы» деген Марат Фаритұлы білім мен ғылымның адам өміріндегі маңызына тоқталды.
Ал, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов болса елдегі кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктер, қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер жайын сөз етті. Жастар арасында тың жобаларды жүзеге асыруға қолұшын созатынын, соның ішінде аудан экономикасының дамуына үлес қосатын 1 жобаны өз есебінен толық қаржыландыратынын айтты.
Сондай-ақ жиын барысында Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы форумға қатысушыларға «Ұрпақтар теориясы. Отбасында әр адам өз рөлінде болудың маңыздылығы», «Сепарация. Жауапкершілік. Инфантилизм», «Заманауи қазақ отбасындағы АНА моделі. Бала денсаулығы. Дамуы. Берекелі өсуі» тақырыптарында психологиялық тренинг өткізді.
Форум барысында ұрпақтар сабақтастығы мен ұлт тәрбиесі жайында театрландырылған көріністер қойылып, аудан өнерпаздары тарапынан концерттік бағдарлама ұсынылды.