Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АЙДОС – ҮЗДІК ҰСТАЗ

АЙДОС – ҮЗДІК ҰСТАЗ

Айдос Қуатов – Кентау Білім инновация лицейінің Биология пәні мұғалімі және кәсіби бағдар беруші, 2022 жылы облыс бойынша «Жылдың үздік мұғалімі» аталымымен марапатталды.

«Мұғалімнің жұмысының көрсеткіші – шәкірттері. 2022 жылы өзім жетекшілік еткен 11-сынып оқушылары үздік университеттерге оқуға түсті. Германия, Оңтүстік Корея, Назарбаев университетіне түскен оқушыларға себепші болғаным үлкен жетістік болды.

Сонымен қатар облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі олимпиадаларға шәкірттерді даярладым, олар жүлделі орындар иеленді. Мектеп ішінде де көптеген жобалар жасадық. Ал өзім бірнеше онлайн курстарға, мұғалімдер арасындағы семинарларға қатыстым» – дейді Айдос бізбен әңгімесінде.

«2023 жылға ең басты мақсат – облыстық, республикалық пәндік олимпиадаға оқушыларды дайындау болып отыр. Жүлделі орын иеленеді деген сеніміміз бар. Екіншіден, 11-сыныптарға кәсіби бағдар беру бойынша да жұмыстар атқарып келеміз. Жақында ғана бір оқушымыз Америкадағы Мэривуд университетінің құны 24 мың доллар тұратын грантын ұтып алды. 2023 жылы осындай жаңалықтар қатары көбейеді деген үміттеміз»-деп, ағынан жарылды Айдос келер жылы ойға алған жоспарларын бізбен бөліскенде.

Түркістандықтарға, ұстаздар мен оқушыларға тілегіңізді білсек дегенімізде Айбек ұстаздың айтқаны былай өрбіді:

– Келіп жеткен жаңа жыл мұғалімдер қауымы үшін жетістікке толы болсын. Ұстаздар мен оқушылар алдарына қойған мақсаттар жолында аянбай еңбек етеді деген сенімім бар. 2022 жыл халқымыз үшін қиын кезеңдермен байланысты болды. «Әр қиындықтың артында жеңілдік бар» дейді, қоян жылында жеңілдікке, жетістікке, береке мен қуанышқа жетіңіздер деп тілеймін!

Д.ТІЛЕУХАН.

Пікір жазу