Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВ МЕКТЕБІНЕ – 50 ЖЫЛ!

ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВ МЕКТЕБІНЕ – 50 ЖЫЛ!

Отырар ауданы, Ақтөбе ауылындағы «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жалпы білім беретін» білім ордасы аудандағы абырой-беделі асқақ, іргелі білім ордасының 50 жылдығына орай «Самғатқан сан қыранды алтын ұя!» тақырыбында іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараның алғашқы тұсаукесері игі бастамамен басталды. 1972-1973 оқу жылынан бастап мектеп бітірген әр жылғы түлектердің қолдауымен жабдықталған мектеп алаңы мен алдыңғы кіреберісі заманауи үлгіде жабдықталып, оқушыларға пайдалануға берілген болатын.
Атаулы нысандардың лентасын қию рәсіміне ардагер-ұстаз, оқу ісінің үздігі Ж.Жүсіпов, қажымұқантанушы ел ағалары Қ.Оңалбеков, Б.Бейсенбаев, Ақтөбе ауыл әкімі И.Тайкелтір қатысты.
Сонымен бірге мектеп демеушілерінің көмегімен бүлдіршіндерге жабдықталған бастауыш, математика кабинеті мен мұғалімдер бөлмесінің де лентасы қиылды. Содан соң «Күш атасы –Қажымұқан бабамыздың сан қырлы қасиеттері» тақырыбында оқушылардың ғылыми-шығармашылық конференциясына ұласты.
Конференция барысында мектеп тарихынан бейне таспа көрсетіліп, мектептің кешегісі мен бүгіні және болашағы туралы жан-жақты мәліметтер берілді. Осы өңірдің тумасы, зерттеуші-ғалым, қажымұқантанушы Б.Бейсенбаев «Ақиқат пен аңыз» тақырыбындағы Қажымұқан бабамыз туралы зерттеу кітабы таныстырылып, автордың өзіндік пікірлері тыңдалды. Әсіресе, жас зерттеуші мектеп оқушыларының палуан ата жайлы құнды баяндамалары көпшіліктің көңілінен шықты.
Қажымұқан бабамыздың жастық шағын монолог ретінде оқып, рөлін сомдаған «Отырар» халық театрының актеры Мұхамеджан Нәлмішевтің актерлық образы және Қажымұқан бабамыздың соғыс жылдарындағы ел ішінде самолет жасату үшін жасаған шоу өнерін дүйім жұрт алдында паш еткен спорт тренері Нұров Құрмаштың өнері көрермен көзайымына айналды.
Сондай-ақ, Палуан атаның ізбасарлары мен күрес өнерінің майталмандары жас спортшыларымыздың ақтық белдесуін тамашалап, әділ-қазылар алқасының шешімімен нағыз палуандарды анықтады.
Жеңімпаздар палуан ата бейнесі бейнеленген медальдар және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Пікір жазу