Республика күнімен барша отандастарымды құттықтаймын. Еліміздің спорт саласында жеңісті сәттер көп болсын деген тілек айтамыз. Жастар – елдің болашағы. Біздің спорттағы жетістіктеріміз бейбіт өмірдің және мемлекет тарапынан қолдаудың арқасы деп білемін.
Таяуда өткен Жазғы Азия ойындарынан күміс жүлдемен оралдым. Ел қоржынына алтын жүлде салғым келген. Бірақ бұл жолы нәсіп болмады. Енді алда жауапты сындарда одан да жоғары жетістіктерге жетуге күш саламыз. Мемлекет басшысының Ақордада бізді қабылдағаны барша спортшыларға серпін берді.
Қазақ елдінде спортты дамытуда барлық жағдай жасалып жатыр. Қалалық спорт басқармасы, қалалық федерация да спортшыларға жеткілікті қолдау көрсетіп келеді. Оқу-жаттығу жиындарына тұрақты барамыз.
Көптеген жарыстарда бақ сынадым. Әлем чемпионатында жүлдегер болдым. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Алдағы Олимпиада және әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап, көк Туды желбірету үшін аянбай еңбек етемін. Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Республика күнімен баршаңызды құттықтаймын.
Мейіржан ШЕРМАХАНБЕТ, грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері.
#Республика_күні