25 қазан — Республика күніне орай «Шапағат-педагог» білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрайымы Гульнара Тлеубердиева «Оқу-өндірістік комбинаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы келіп, талай жылдар білім саласында қажырлы еңбек еткен Байгонова Раушан Байсбаевнаны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Байгонова Раушан Байсбайқызы 1959 жылы 1 маусымда Шымкент облысы, Ленгер ауданы, Подгорное елді мекенінде өмірге келген. Білімі жоғары.
1977 жылы «Коммунизм» орта мектебін бітіріп, 1979 жылға дейін «Коммунизм» колхозында еңбек етті.
1982 жылы Пахтаарал совхозтехникумын қызыл дипломмен бітіріп, 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтінің ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне оқуға түсті. 1987 жылы аталған институтты бітіріп, инженер-механик мамандығын алды.
1987 жылы Жамбыл облысы, Луговое ауданы, СПТУ-20-ға арнайы пәндер оқытушысы болып жұмысқа орналасты. 1990-1991 жылдары СПТУ-20 директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 1991 жылы Шымкент облысы Сайрам ауданының Оқу-өндірістік комбинатына психолог-кеңесші болып ауыстырылды. «Хатшылық ісі» курсынан сабақ берді. 2006 жылы Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінің кәсіптік оқыту факультетін бітірген.
2010-2017 жылдар аралығында Оқу-өндірістік комбинат директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.
Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Раушан Байгонова «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақықаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Байгонова Раушан Байсбайқызы ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып келеді. 2019 жылдан Түркістан облысы Сайрам ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі.
2005-2020 жылдар аралығында Сайрам ауданы №533 сайлау учаскелік комиссия төрайымы болып жұмыс атқарды. Сайлау науқандарына белсенді қатысып, заң аясында жүктелген міндеттерді өз деңгейінде атқарғаны үшін 2011 жылы облыс әкімі А. Мырзахметовтың алғыс хатымен, 2019 жылы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өміралиевтың алғыс хатымен марапатталған.
2007 жылы Алматы қаласында «Социальное партнерство: предупреждение социальных конфликтов» тақырыбында өткізілген семинар-тренингіде қатысып, сертификат алды. 2009 жылы Астана қаласында «Қазақстан Республикасының еңбек кодексін кәсіподақтар қызметінде іс жүзінде қолдану» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған оқу курсын бітіріп, арнайы сертификатқа иеленді.
2020 жылы 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай Түркістан облысы әкімі Ө.Шөкеевтің, әкім орынбасары С.Қалқамановтың, аудан, ауыл әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен және білім беру саласына сіңірген еңбегі, қоғамдық өмірге белсенді қатысып, азаматтық белсенділік танытқаны үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» төсбелгісімен, «Білім беру ісінің үздігі», «Сайрам ауданы 90 жыл» мерекелік белгісі, «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалі, «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі сертификаттар, құрмет грамоталар, алғыс хаттардың иегері. Іс-тәжірибелік материалдары облыс, республика көлемінде таратылып, журнал, газеттерге жарияланған.