Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым Жанымгүл Камалқызы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Бүгінде зейнет демалысындағы профессордың ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағылымы тұрғысында айтары аз емес.
– Жанымгүл апай, Фейсбук парақшаңызда «…Діни ағартушы ақын Ақылбек Сабалұлы: «Бала оқытпақ – пайғамбар фатихасы» деген. Оқыту – пайғамбарлар салған қасиетті жол. Сол жолды таңдаған мұғалімнің міндеті ауыр, үдесінен шыға алса – абыройлы орны биікте» деп жазыпсыз. Өзіңіз де өмір бойы ұстаздықтық еттіңіз. Жалпы, ұстаз деген кім? Қоғамдағы ұстаздың орны қандай дәрежеде?
– «Ұстаз деген кім?» деген сұраққа белгілі ойшылдардың сөздерінен алынған дайын үзінділермен оп-оңай жауап беруге болар еді. Бірақ бүгінгі күнгі қоғамдағы ахуалды көріп біліп отырып, әдейі сұрап отырғаныңды сезіп отырмын. Сондықтан өмір бойы мұғалім болған жан ретінде өз ойымды ғана айтайын. Ұстаз, бір қарағанда, өте бақытты жан. Өйткені, ол жүрегі кірлемеген, өмірден тек жақсылық күтіп жүрген жастармен бірге жүреді. Солардың өміріне енеді. Ал, олардың өміріне ол кім болып енеді? Осынысымен оның бағасы анықталады. Яғни, ұстаз кез келген адам сияқты, өзінің өмірлік бағасын өзі шығарады. Егер жас бала жанын аялай алса, оның дұрыс жол табуына ықпал етсе, өмірлік дүниетанымын адастырмай, адал мақсатқа бұра алса, ол – құрметке лайық жан. Ал, егер жас баланың жанына жара салып, сәл жерден оның жүрегін кірлетіп алса, ол – қадірсіз, қарғыс арқалаған жан болып шыға келеді. Жоғарыда өзің келтірген ФБ парақшамда: «мұғалімдер қоғамның емшісі», деп те жазғанмын. Ал қарапайым ұстаздардың да мойнында ауыр міндет бар. Ең бірінші, олар адаспайтын-дай таза білімді, дұрыс тәрбиені, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек. Әрбір бала – тағдыр, оған немқұрайлы қарауға да, оны адастыруға да болмайды. Егер өзіне сенген баланы адастырса, оның обалын, ол жасаған күнәлі істердің ауыртпалығын мұғалім арқалайды. Мұғалімнің міндеті ауыр дегенім осы. Ал, бала дұрыс жолға түсіп, білім мен тәрбиені адам игілігіне жұмсап жатса, мұғалімнің алар сауабы да өлшеусіз. Мұғалім – қоғамның емшісі болатыны да анық.
– «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылданды. Кейінгі кезде министрлік те мұғалім мәртебесін көтеріп, төрге шығару мақсатында көп жұмыс атқаруда. Сүйсінерлік, әлбетте. Қалай ойлайсыз, бұдан былай мектептерге ер, жігіт мұғалімдер көптеп келер ме екен? «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген Алаш Ұстазының (А.Байтұрсынұлы) сөзі бекер айтылмаған. Қазақ қоғамында ұл баланың тәрбиесі ақсап жатуы мектептерде ер мұғалімдердің жетіспеушілігімен байланыстыратындар бар. Қисынды. Ұстаз – бала үшін идеал ғой. Солай емес пе?
–Ұстаз мәртебесін заңмен көтеру деген де кері кеткен уақыттың тал қармауы сияқты болып көрінеді. Өткен ғасырлардан жеткен деректерде естілмеген жағдай. Ұстазды құрметтеу оған лайықты орын белгілеумен іске аспайды-ау… Ұстаз отырған кез келген жер құрметті болатындай ең алдымен ұстаздың есіміне лайық білімі, мінезі мен әдебі, өнегесі, өмір сүру дағдысы болуға тиіс. Қоғам ұстаздық қызметтің құрметті екенін мойындайтын, ешбір күштеусіз құрмет көрсететін ерекше пайымды болғанда ғана ұстаз мәртебесі туралы айтуға болады. Мұғалім мәртебесін тек мұғалімдердің өздері ғана көтере алады. Себебі, басқа мамандықтар жансыз нәрселермен жұмыс істейді, олар өз қалауын іске асыра алады. Ал, мұғалім адаммен жұмыс істейді. Жаңа жетіліп келе жатқан жас өскінмен жұмыс істейді. Егер оның жанын баурай алса, оның жан дүниесін тани алса, әрбір баланы жеке тұлға, оның өз дегені бар, өз қалауы мен ұстанымы бар адам екенін ұғынса ғана ол құрметтеледі.
…Ұл бала тәрбиесі тек мектепте емес, үйде де ақсап тұр деп ойлаймын. Отбасында әйелдердің ықпалы күшті ғой. Кез келген ер азамат Құнанбай бола алмайтыны сияқты, кез келген бала да Абай бола алмайды ғой. Кез келген әйел Ұлжан мен Зере анамыз бола алмайтыны тағы рас. Ұл тәрбиесінде көп қателіктер бары көрініп тұрады. Бұған себеп, көп айтылып жүрген ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, А.Байтұрсынұлы айтқандай ұлды ұлша емес, құлша тәрбиелеу белең алды. Ұл баланың жасынан сағын сындырып, оның биікке самғар қанатын топшысынан сындырып отырғанын, ең бірінші, өз ата-аналары біле бермейді. Ұл балаларға «сүмелек», «жексұрын», «хайуан», т.б. сөздермен жерге тығып ұрысып жатқан өз аналарын көргенде, «Алла берген ғажап сыйын сонша сыйламайтын мынау неткен қатыгез жан?» деген ой келеді. Күніне осындай сөздерді ең жақыны анасынан ести берген балада өзіне деген сенім қала ма? Одан кейін мектепте де осы бағытта тәрбие жүреді. Өзің білесің, ер балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес, олар қыз балаларға қарағанда кештеу жетілетінін ғылым дәлелдеген. Демек, ұл балалар алғаш мектепке келгенде қыз балаға қарағанда баяулау, қабылдауы да төмендеу болады. Бұл ерекшелікті ескермей, бастауыш сынып мұғалімдері, көбінесе, еті тірілеу бірнеше қыз баладан белсенді топ құрап алады да, тек солармен жұмыс істейді. Ұл балалардың қабілет белсенділігін оятуға, олардың ойларымен санасуға көңіл бөлмейді. Балада тағы да өзіне сенімсіздік, енжарлық пайда болады. Қызығушылығы біртіндеп азая береді. Бұны хакім Абай «жан құмары» немесе «білмекке құмарлық» деп атайды. «Жан құмары» бар балада болады. Оны аялап, тәрбиелеп өсіретін де, аяқасты етіп, өшіретін де сыртқы орта. Ең бірінші ата-ана, сосын мұғалім. Әр балаға сондай сеніммен қараса, әр баладан үлкен үміт күтсек, ең болмағанда ол бала нағыз азамат болып шығатынына сенуге болады. Бәрі бірдей ғалым, бәрі бірдей ірі қызметкер болу шарт емес, ал азамат болу міндет. Кейінгі кезде: ұл бала мен қыз баланы бөлек оқытқан дұрыс болар ма еді? – деген ой туады менде. Сонда физиологиялық ерекшеліктердегі бастауыш сыныптардағы айырмашалықтың әсерінен ұл балалардың кейіндеп қалуы жойылар еді.
Мектепке ер азаматтарды тарту кезек күттірмейтін мәселе, бірақ оны айтуға ғана оңай. Бұл жақын арада шешіле қоймайтын болар. Педагогикалық ЖОО-ның жағдайын барынша жақсарту керек. Базасы мықты, талап күшті болу керек. Бітірген соң, жұмыс орындары, еңбекақысы өмір сүру нормасына сай болса, ер азаматтар мектепке көбірек келетін шығар. Мұғалім жан-жағына төменшіктемей қарай алатын болса, мұғалімдікке мектепті жақсы бітірген талапкерлер ойланбай барады. Білімді, бәсекеге төтеп бере алатын мықты педагог сабақ берсе, балалардың тәрбиесіне де оң ықпалы болады.
– Сізді қоғамдағы қандай мәселе алаңдатады?
–Мені алаңдататын нәрселер жоғарыдағы әрбір сұрағыңа берілген жауабымда көрініс береді. Ұлт болашағы, ұрпақ қамынан өзге алаңым жоқ. Еліміздегі білім мәселесіне де ұрпақ болашағы үшін алаңдаймын. Дін мәселесіне де, дәстүр, тәрбие, желге шашылып жатқан байлық, бәріне ұрпағымыз үшін алаңдаймын. «Нені қор етсең, соған зар боларсың», дегенді де біздің бабаларымыз айтқан. Біздің қазақ қоғамы бұрын «қалдықсыз қоғам» болған. Яғни зиянды, пайдаға жарамсыз үйіліп жатқан қалдық болмаған. Көшкен жұртта тек күл қалған. Малдың бар өнімін кәдеге жаратқан. Еті мен сүтін айтпағанда, жүні мен терісі, сүйегі мен тезегіне дейін қажетіне жаратқан өтеген. «Қой терісін қорлама, қамқаны қайдан аласың?» дейді. Қамқа тон – сәнді, жылы, қымбат бағалы тон, соны қойдың терісінен өздері тіккен. Сүйекті шеберлер жиһаздарды әсемдеу үшін пайдаланса, үйде аналарымыз сүйекті қайнатып, соның майына өсімдік күлін қосып, сабын жасаған. Менің әжем үкіметтің сабынын пайдаланған емес. Өзі жылда соғым сүйектерін жинап, күн жылына қайнатып, сабын істеп алатын. Тек сол сабынмен киімін, шашын жуатын. Әрбір тал жүн олар үшін қадірлі еді. Қазір жүнді өртеп жатыр. Ешкім алмайды, пайдаланбайды. Ауыл әйелдері де синтетикалық тегі белгісіз нәрселерден жасалған жасанды көрпе, көрпешелерді пайдаланады. Баяғы аналарымыз тіккен жүн көрпе, жүн көрпеше істейтін әйел қалмай барады. Қолдан алаша, кілем тоқу, киіз басу мүлдем тоқтады. Жоқтан бар жасауды қойдық, нәтижесінде «тұрмысы төмен отбасы» деген қауым пайда болды. Бұрын да әртүрлі деңгейдегі отбасылар болды. Бірақ алақан жайып, өмір сүргенін міндетсу болған жоқ. Қазір ине ұстайтын әйел қалмай барады. Отқа өртеліп жатқан тегін жүнді алатын, оны керегіне жарататын жан жоқ. Қалалы жерлерде құрбандық шалғанда ішек қарны қоқысқа тасталады екен. «Обал болады», дейтін аналарымыз. «Ысырап жасау – кесапаттық, ол қатерге ұрындырады, ысырап жасамаңдар», деп қатаң ескертетін. Қоқыс төгетін жәшіктерден таза тамақтар мен шашылып жатқан нандарды көргенде, жүрек дір етеді. Осының тақсыретін ұрпағымыз көрмесе жарар еді деген ойда боламын.
Тағы бір алаңдайтын нәрсем – ұстазым, профессор Алмагүл Мүтәліпқызы Қыраубаева өзі «Сенім бағдарламасы» деген атпен ерекше ұлттық оқыту жүйесін теориялық негіздеп, өзі осындай мектеп ашқан. Бірақ, ол мектептің ғұмыры ұзақ болмады. Бірақ артында мәңгілікке жететін бағдарлама қалды. Марқұм ұстазым аманат етіп еді. «Шамаларың келсе, осындай мектеп ашыңдар, жойқын жаһанданудан ұрпағымызды құтқарса, осы бағдарлама құтқарады. Әр бала – ұлттың бір бөлшегі, оны жаттың қолына беруге болмайды. Әрқайсысың осыған күш салыңдар, осы бағдарламамен қанша бала тәрбиелей алсаңдар, ұлтты құтқаруға үлес қосқандарың», деген еді. Сол аманатты орындай алмадым. Ондай мектеп ашатын бізде қаржы болмады. Жан-жақтан өзге елдің бағдарламаларын тықпалап жатқан Білім мен ғылым билігіндегілер бұл бағдарламаны көргісі де келмейді. Осы аманат мойнымда кететін болғаны қатты алаңдатады.
– Жанымгүл апай, сыр-сұхбатыңызға рахмет.
Ә.ТӘШІМ.