Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БІЛІМ САПАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗЫ ЗОР ІС

БІЛІМ САПАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗЫ ЗОР ІС

Ұлжан Жолдасова 2015 жылдан бері Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернаты, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Оған дейін (1999 жылдан) Қожа Ахмет Ясауи атындағы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеттерінде ұстаздық еткен Ұлжан Махамбетқызы бүгінде дарынды балаларды ғылыми жобалар сайысы мен пәндік олимпиадаларға, түрлі интеллектуалдық жобаларға дайындап, шәкірттердің ғылыми-шығармашылық ізденісін арттыру бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Ұлжан Маханбетқызы «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген хәкім Абайдың асыл сөзін ұстаным етіп, оқушыларға ана тілінің қасиетін ұғып, әдебиетті сүюге баулып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі. Ұлжан Жолдасованың 50-ден аса ғылыми-әдістемелік мақалалары мен бірнеше оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. Біз бала жанына үңіле білген тәжірибелі тәлімгермен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі мұғалімнің келбеті қандай? Ол шығармашылық қабілеттерді дамытуға жағдай жасайтын, оқушылардың оқуға деген құштарлығын оята алатын, өз білімін толық іске асыратын және өзін дамытып отыратын адам деп айта аласыз ба? Қысқасы, бүгінгі ұстаз қоғамда тұлға деңгейінде қабылдана ма?

– Сіз қолданылып отырған «мұғалім келбеті» деген сөзді «мұғалім болмысы» ұғымымен алмастырып қолданғанды жөн көріп отырмын. Себебі, мұғалім қызметінің мәнін болмыс сөзі дәлірек ашатын секілді. Келбеттің келісті болуы – маңызды шарттың бірі. Алайда, болмысында ұстаздық қасиеті жоқ адамның келісті келбеті мәселені толық шеше алмайды. Сондықтан мұғалім болмысы оның қоғамдағы келбетін танудың басты кілті болуы тиіс деп есептеймін.

Оқыту – мәніс (теория – А.Байтұрсынов) пен әдісті үйлестіріп, шығармашылықпен астастыра жүргізетін жұмыс. Білім, тәжірибе мен өнер мұғалім болмысынан аңғарылып тұруы керек. Игерген білімін оқыту өнерінің әдістері арқылы шәкіртінің көңіліне құя білген ұстазды тұлға деп есептесе болады. Алайда, мұның оңай еңсерілмейтін шаруа екендігін ұстаздар қауымы өте жақсы біледі. Білімді ұстаздың әдісі кем болса, кейде әдіске жетік маманның білімінен кемдік көрініп қалады. Оқыту ісіне ұстаздық болмысын адал жұмсаған адамның тұлға деп бағаланары сөзсіз. Қазіргі кезде де тұлға биігіне көтерілген ұстаздар аз емес. Алайда, ұстаздың елге тұтқа болатын тұлға-шәкірт тәрбиелеп шығаруы одан да маңызды деп ойлаймын.

– Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаны белгілі. Ұстаздардың қоғамдағы дәрежесі айқындалып, әлеуметтік жағдайлары жақсарғаны қуантарлық жәйт. Мәселе материалдық жағдаймен шектелмейді ғой. Жалпы, педагог мәртебесі дегенді қалай ұғасыз?

– «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына шын қуандым. Білім үйретумен айналысатын адамға құрмет жоқ елде болашақ болмайды. Себебі, қай дәуірде де ата-бабамыз мұғалімдік істі ең абыройлы қызметтің қатарына жатқызған. Ілім игерген кісіні айтпағанның өзінде сауаты бар кісіні қадірлегенінің өзі көп жайды аңғартады. Мағжан ақынның «…алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын, төр – мұғалімдердікі» деген атақты сөздің жалғасы былайша сабақталады: «Бүгінгі күні де ұстаздарды осы құрметті биіктен түсірмеуге барынша әрекет жасалуда. Себебі, жақсы ұстаз ғана адал шәкірт тәрбиелеп шығара алады». Демек, ұстазға құрмет көрсету – бар жақсылықтың бастауы. Педагог мәртебесі, менің ойымша, елдің мәртебесі. Ұстазға құрметпен қараған кісіні еліне жанашыр адам деп бағалаймын. Жақсы ұстазға төрден орын берген елдің болашағы жарқын болмақ.

– Бүгінгі қоғамда ұстаз беделі төмендеп кетті деген түсінік қалыптасқан. Мұғалім беделі қайткенде көтерілмек?

– Білім министрлігінің мұғалім мәртебесіне қатысты қазіргі саясаты дұрыс бағытта деп ойлаймын. Мұғалімнің жолбасшылық миссиясын жақсы түсінгендіктен, алдымен жалақыны көтеруді қолға алды. Бұл жағдай ұстазды әлеуметтік мұқтаждықтан арылтып, жұмысын ықыласпен атқаруына жол аша бастады. Шәкірттер арасында, әсіресе, мектепті үздік бітірген түлектер арасында мұғалімдік қызметті таңдаушылар саны арта түсті. Әрине, мұның бір қыры жалақы мөлшерінің артуына байланысты екендігі рас. Дегенмен мұғалімдік қызметке ықылас білдірушілер саны көбейген сайын, сапа да көтерілетіні анық. Білімнің сапасы артқан сайын мұғалімнің мәртебесі де арта бермек. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Қазақша оқу жайынан» мақаласында: «Бала оқытуын жақсы бiлейiн деген адам əуелi балаларға үйрететiн нəрселерiн өзi жақсы бiлерге керек, екiншi, баланың табиғатын бiлiп, көңiл сарайын танитын адам боларға керек. Оны бiлуге баланың туғаннан бастап, өсiп жеткенше тəнiмен қатар ақылы қалай кiретiн жолын бiлерге керек. Баланың iсiне, түсiне қарап, iшкi халінен хабар аларлық болу керек», – деп жазды. Осы талап бүгін де, кейін де өзекті болып қала бермек. Аталған үдеден шыққан ұстазға құрмет қай уақытта да жоғары.

– Ұстаздың бойында қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыз?

– «Баланың көңіл сарайын танитын» (А.Байтұрсынұлы) ұстаз шәкіртінің шырағын қалай жақсам екен деген ойда жүреді деп сенемін.

– Білім сапасына көңіліңіз тола ма? Орта білім саласында қандай өзекті проблемалар бар? Жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Мұғалімдік қызметті мемлекеттік маңызы зор іс деп ұғынбайынша, білім сапасы арта қоймайды. Соңғы уақытта мектеп оқулықтары көп сыналып жүр. Сыналатын жөні бар. Оқыту саласына жаңа жүйе арқылы енген тың бағыттар мен әдістер тиянақты сараланбай, тәжірибеде шыңдалмай оқулықтарға еніп кетті. Оның кемшілігі оқыту үдерісі кезінде анық байқалды. Оқулық авторлары өз еңбектерін қосымша ресурс көзі деп қарауды ұсынды. Мектеп оқулығы, менің ойымша, алтын қазық болуы тиіс. Себебі, пән жайындағы негізгі таным мен пайым, пәндік ұғымдар мен терминдер сол жерден алынады. Өкінішке орай, әу баста оқу бағдарламасында кеткен кемшіліктер оқулықтан көрініс тапты. Мәселен, қазақ әдебиеті пәні оқулығында ұсынылған кейбір шығармаларға әдеби талдау жасау мүмкін емес. Шығарманың мазмұны жұпыны. Кейбір шығарманың мазмұны терең болғанымен, берілген сыныптың жас ерекшелігіне сай келмейді. Мұндай кемшілік 5-11-сынып оқулықтарының бәрінде бар десем қателеспеспін. Білім сапасының артуына сапалы оқулықтың ықпалы зор. Оқулық авторының мектептегі оқыту ісіне жетік болуы міндетті. Бала оқытатын ұстаз, ұстаз қолданатын оқулық, оқулықты тұтынатын шәкірт мықты болмайынша, болашақтың жарқын болуы неғайбыл.

– Ұлжан Маханбетқызы, мазмұнды әңгіме сұхбатыңыз үшін рахмет. Шәкірт тәрбиелеуде шығармашылық табыстарға жете беріңіз.

ҰЛЖАН ҰСТАЗДЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ:

* 2019 жылы облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадасында ғылыми-теориялық білімі мен кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін Түркістан облысы ББ-ның Мадақтамасымен марапатталды;

* 2019 жылы көп жылғы еңбегі мен білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін ҚР Білім жіне Ғылым Министрінің Алғыс хатымен марапатталды;

* 2021 жылы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін ҚР БҒМ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сұхбаттасқан: Ә.ТӘШІМ.

 

 

Пікір жазу