Ұлттық сусынымыздың емдік қасиетін насихаттай отырып, робототехниканың мүмкіндіктерін адам игілігіне пайдалану мақсатында Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекованың көмегімен «Асылбек» деп аталатын қымыз құйғыш робот жасады.
— Мұғалімнің басты мақсаты шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Оқушының бойына пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі әдіс тәсілдерді сабақтарында қолданады. Жалпы идея окушының информатика сабағына қызығушылығынан туындаған дүние. Жобаның өзектілігі жас ұрпақты робототехникаға баулу. Оқушылардың робототехника саласы бойынша роботтар құрастыруға қызығушылығын арттыру мақсатын көздеген жоба робототехника саласын дамыту арқылы балалар мен жасөспірімдерге салауатты өмір салтын сыйлау және халық игілігіне пайдалануды көздеген болатын. Айта кетейін, робот Arduino платформасында жасалды. Робот дыбыс шығаруына арналған динамик, блок питание 12В 2А күш беретін, насос қызметін атқаратын- Мотор 12В, Arduino-uno микроконтролері, MOSFET Irf 520 транзистор, DF player mini сияқты құрылғыларды жалғап, біріктіру арқылы роботты арнайы RC522 Rfid считыватель арқылы іске қосылады. Іске қосылғанда қымыздың шипалы емдік қасиеттері туралы біршама мағұлмат береді, сол уақытта арнайы түтік арқылы қымыз құйылады. Жобаның жаңалығы:
- Жасөспірімдер мен балаларға денсаулық сыйлау.
- Халықтың денсаулығын жақсарту
- Қымыз өнеркәсібін ауданымызда жандандыру
- Халықты жұмыспен қамту – дейді Лаура Жақсыбекова.
Айта кетейік, кез келген адам аталмыш роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы «Асылбекті» сөйлете бастайды. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Осыдан соң ғана «Асылбек» ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусын құяды.
– Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты. Менің роботым оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиетке ие сусын қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді. Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік, – дейді Жансұлтан.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жаңа технологияларды тиімді пайдаланған оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болды.
Жоба жетекшісі болашақта демеушілер болса, осындай роботтар мектептерге автомат машиналар ретінде қойылып, мемлекет тарапынан қолдау тауып жатса, балаларға тегін қымыз сусыны бір мезгіл берілсе деген тілегін де жасырмады. Сонда ғана балалардың энергетикалық сусынға деген қызығушылығы мен құмары азаяр деген ұсынысы бар.