Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТӨЛЕБИДЕГІ БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІН АРАЛАДЫ

БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТӨЛЕБИДЕГІ БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІН АРАЛАДЫ

Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы Төлеби ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Алдымен Қ.Байболов атындағы жалпы білім беретін мектебіне келген басқарма басшысы мектептің қауіпсіздік деңгейін тексерді. Қоршаудан бастап, бейнебақылау камераларының жұмыс істеуі, видеолардың ұзақ мерзімде сақталуын қарады. Есіктен кіргеннен арнайы күзет қызметінің жұмысын пысықтап, дабыл батырмасының жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізді. Мектептің жылыту маусымына дайындығын да назарға алған Ғалымжан Сұлтанбекұлы табиғи газға тезірек ауыстыру керектігін алға тартты. Оған қазандық та дайын тұр. Қатты отын қоры әзірге 36 тоннаны құрайды.
Айта кететіні, білім ордасы 1987 жылы пайдалануға берілген. 500-ге жуық білім алатын оқу ордасы 2016 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Келесі бағыт Төлеби ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп. 2011 жылы ашылған білім ұясында 100-ге жуық оқушы оқиды. 38 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Білім мекемесін толық аралаған Ғалымжан Сұлтанбекұлы бірқатар терезелерді ауыстыруды тапсырды. Қоршаудың да бір бөлігін ауыстыру қажет дейді.
Басқарма басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы Төлеби ауданына іссапары аясында аудандағы Тағайна жалпы білім беретін мектебіне барып, осы білім ошағының жағдайымен, материалдық-техникалық базасымен танысты.
Тағайна мектебінде бүгінгі таңда 346 оқушыға 45 мұғалім екі ауысымда білім беруде. Қолданыстағы ескі ғимарат қатты отынмен жылытылып отыр. Дегенмен оқушылар үлгерімі жақсы. Өткен оқу жылында екі жас түлек мектепті Алтын белгімен бітірді. Жалпы, Тағайна мектебінің оқушылары ауданда тек жақсы қырынан көрініп жүр. Осы жөнінде әңгімелеп берген мектеп директоры Жамол Кадиров әр жылдары пайдалануға берілген білім мекемесі ғимаратында оқушылар қауіпсіздігі ойластырылып, бейнебақылау камераларының орнатылғанын, мектептің аумағы қоршалғанын, дабыл батырмасының, ішкі әжетхананың бар екенін айтты.
Тағайна мектебінің жағдайы, материалдық-техникалық базасы туралы мағлұматқа қанық болған басқарма басшысы тиісті азаматтарға қолға алынған жаңа оқу ғимаратының құрылысын тездетуге ықпал етуді, сондай-ақ, мектептің қолданысындағы ескі ғимаратта дизельмен жылытылатын жылыту жүйесін жасауды тапсырды.

Пікір жазу