Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БЕРЕКЕ-ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ БІТЕДІ

БЕРЕКЕ-ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ БІТЕДІ

Елімізде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесінде өңірде ауыл шаруашылығы саласында даму бар. Жыл өткен сайын облыста мал саны көбейіп, тиісінше ет және сүт өнімдерінің де көлемі артуда. Бұл, әрине тұтынушыға табиғи өнімге қолжетімділікті арттырып, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің кәсібін өрге сүйрейді. Жалпы оңтүстік –  аграрлық өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс» деген болатын.
Елге ырыс болған – бағдарлама
Қазіргі кезде ауыл-аймақтарда «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын және орта кәсіп ашып, тұрғындарға қызмет етіп, табыс тауып отырғандар жетерлік. Мәселен, бағдарлама игілігін Төлеби ауданы, Бейнеткеш елді мекенінің тұрғыны Қали Тәжіқұлов көріп отыр. Ол «Ырыс» МҚҰ-дан жеңілдетілген 6,5 пайызбен несие алып, мал басын көбейтуде. Жылқы бабын жақсы білетін шаруа кәсіпті бастамас бұрын алдымен ауылдағы тұрғын үй ауласынан жылқы өсіруге қажетті қора мен жем-шөпті сақтайтын жай салады. Сөйтіп қора-қопсысын дайындап, жоспар түзді. Қаржы ұйымы арқылы 27 млн. теңгеге қол жеткізіп, 54 жылқы сатып алды.
Мал ішінде жылқы түлігін өсірудің мүмкіндіктері көп. Істің көзін таба білген жанға кәсіп ашып, жүргізу оңайырақ соғады. Бүгінде өңірімізде асыл тұқымды мал өсіру жолға қойылып, сапалы өнімдер өндіруге де жол ашылған. Өзіміздің ішкі нарықпен қатар, сыртқы нарыққа да жоғары сапалы, экологиялық таза өнімдерді сатып, экономикалық тиімді өндірістерді жүйелік сауда әдісімен басқарып, жүргізуге мол мүмкіндік бар.
Қали Тәжіқұлов  жылқы ғана емес, ірі қара да бордақылайды. Бие сауып, қымыз баптайды. Оның айтуынша, еттің сапасы мен сіңімділігі малдың қоңдылығына байланысты. Сондықтан малды етке тапсырар алдында оны бір орында баптап, семіртеді.
– Жылқы ерекше күтімді қажет етеді және кез келген шөпті жей бермейді. Аталарымыз оны «мінсең көлік, жесең ас, ішсең сусын» деп бекер айтпаған. Қолға алған кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін оның қыр-сырын меңгерумен қатар нақты жоспарың болуы керек.  Бастапқыда қиындықтар да кезігеді. Бастысы, жобаңызды зерделеп, қаржыны мақсатты жұмсай білсеңіз, еңбегіңіз зая кетпесі анық, – дейді ол.
Жақында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров кәсіпкердің шаруашылығын көріп, аймақтағы шағын және орта кәсіптің жай-күйімен танысты. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің аясында мал шаруашылығымен айналысу және оны отбасылық бизнеске айналдыру кең етек жайып келе жатқанын құптап, жастарды осылай еңбек етуге шақырды.
Бәйдібек ауданында да «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүруде.
Бағдарлама аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алуға 144 азамат өтінім білдіріп, 108-і оң қорытынды алды. Ақбастау, Алғабас, Көктерек ауылдық округіндегі 57 азаматтың жылқы, ірі қара, уақ малдарды бордақылау, сауынды сиыр алу, ауыл шаруашылығы кооперативін техникамен жабдықтау бойынша жобалары қаржыландырылды.
Ақбастау ауылының тұрғыны Тамара Дәуешова «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен 6 млн. теңге несие алып, Алматы облысынан 18 жылқы сатып әкелді. Қазір ол ауласындағы қорада мал бордақылап отыр.
– Осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіп жүргізіп отырғандар жетерлік. Жасыратыны жоқ, көп банктерде несие пайызы тым жоғары. Ауыл тұрғындары үшін ол тиімсіз. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қолға алынған бағдарламаның халыққа берері әлі де көп. Кәсіпкерлік бойынша құжат дайындау және малды сатып алу секілді жұмыстарға сала мамандары көп көмектесті. Айта кетерлігі, кәсіпкердің қаржылық сауаты болса істейтін, жұмысы да оңынан жүреді, – дейді кәсіпкер.
Алдағы уақытта Тамара Дәуешова шағын және орта кәсіпкерлікті одан ары дамытып, мал басын көбейтіп, жұмысқа жергілікті ауыл тұрғындарын тартпақ ниетте.
А.ПАЙЫСХАН

Пікір жазу