Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Әрекет етсең берекет бар

Әрекет етсең берекет бар

Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Бейнеткеш елді мекенінің тұрғыны Бағлан Туматаев «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант иегері атанды. Ол қайтарымсыз 1 млн. 380 мың теңге қаржыға ие болды.
Еңбек министрлігі халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізеді.
Кәсіпкер жұдырықтай құстың бабын табу үшін жан-жақты оқып, көп ізденгенін айтады. Жалпы, бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы мол. Ағзаға жеңіл сіңеді және дәрумендерге бай. Ал бұл құсты ұстау, бағу оңай емес.
–  Үй ауласында бөдене өсіру идеясы біраздан бері ойымда жүрген. Кейіннен осы құсты бағып отырғандардың бизнесімен танысып шықтым. Кішкентай құстың бабын табу үшін қажетті температураны реттеуді қолға алдым. Ең бірінші ескеретін жайт, бөдене суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайды. Тұрақты температура 16-18 градус жылы болуы тиіс. Қарапайым болғанымен, осы талаптар орындалмаса, құс бізге пайда емес, керісінше шығынға батырады, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде кәсіпкер 2000 бөденеден күндігіне 800 жұмыртқа өткізіп, айына 200-250 мың теңге табыс тауып отыр. Ол кәсіптің осы түрін дамытуды мақсат еткен жастарға жол сілтеп, жұмыс жүргізу тәсілін үйретуге әзір.
Қазіргі кезде жұртшылық бөдене еті мен жұмыртқасының емдік қасиетін жақсы біледі. Әсіресе баланың ойлау қабілетін арттырып, түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Дәмі де бөлек, ұзақ сақталады. Диетологтар бөдене жұмыртқасын қарт кісілер мен балаларға, аяғы ауыр немесе жас босанған аналарға жиі тұтыну керектігін айтады. Бойын әлсіздік билеген адамдарға өте пайдалы, жеңсік ас. Шағын ғана бизнестен береке тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған Бағланға ауылдастары да дән риза.
А.ПАЙЫСХАН

Пікір жазу