Егде адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі. Әйтсе де зейнетке жасы таяп қалған адамдар мемлекеттік бағдарлама арқылы «екі қолға – бір күрек» тауып отыр.
Қалай десек те, орта жастағыларға кәсіби біліміне сай жұмыс табу оңай емес. Осы мақсатты ұстанған орта буындарға Үкімет «Күміс жас» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама елу жастан асқандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Төлеби ауданының «Мансап » орталығы зейнет жасына таяған азаматтардыда тұрақты жұмыспен қамтып жатыр. 50 жастан асқан азаматтарда мұндай мүмкіндік «Күміс жас» жобасы арқылы жүзеге асып жатыр. Аталған жоба 2022 жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған.
Ленгер қаласының тұрғыны Хусанова Дильбар Халмуратовна мемлекеттің қолдауы арқылы «Нурова» жеке кәсіпкерлігінің мекемесінде сатушы, көмекші болып жұмыс істеп жатыр.
-Негізі еңбек өтілімім бар, бірақ, кей себептермен жұмыссыз қалдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң қатысып көруге шешім қабылдадым. «Мансап» орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркеліп, наурыз айында жолдамамен уақытша жұмысқа жолдандым. Жұмыс өзіме ұнайды ыңғайлы, ең бастысы зейнет жасындағы азаматтардың жас ерекшеліктерін ескереді, — дейді кейіпкеріміз. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында жұмысын атқарып жүр.
Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша Күміс жас жобасына 30 АЕК көлемінде еңбекақы төленеді. «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыссыздар жолданады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жобаға 50 жасқа толған азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін, зейнеткерлік жасқа толмаған азаматты кемінде 1 жыл мерзімге, тұрақты жұмыс орнына орналастырады.
Айта кетерлігі, «Күміс жас» бағдарламасы үш жылға ұласады. Бұдан бұрын бағдарламаға зейнет жасына шығуға екі жыл қалғандар қатысатын. Жаңа талапқа сәйкес 50 жастан асқандар да жұмыспен қамту орталығына барып, білімін жетілдіріп, жұмысқа тұра алады.
«Күміс жас» бағдарламасының жан жадыратарлық шарапаты егде адамдардың үміт отын тұтатып, көкірегін сәулелендіріп тұр.